Ақтөбе қаласының №2 сотында әріптесінің үйін өртеген жедел жәрдем жүргізушісі 3 жылға сотталды, де...
«Уақыт жолдары» фильмі киносүйер қауымға жол тартады
Қазақстан мен Жапония бірлесіп түсірген «Уақыт жолдары» фильмі 2021 жылы 23 қыркүйекте отандық прокатқа шығады. Фильмнің режиссерлері – Ерлан Нұрмұхамбетов (Қазақстан) және Лиза Такэба (Жапония).
Осыған орай бүгін Алматы қаласында БАҚ өкілдеріне және шығармашылық құрам, киногерлерге жабық көрсетілім өтеді. Айта кетсек, өндірісіне «Қазақфильм» және жапондық Tokyo New Cinema компаниясы атсалысқан «Уақыт жолдары» фильмінде тыныш өмірінің шырқын бұзып, барымташылар отағасын аяусыз өлтірген отбасы туралы баяндалады.
- Жапондық режиссермен Канн кинофестивалінде таныстым. Бұл фестивальге Нұр-Сұлтан қаласындағы өнер университетінің атынан қатысқан едім. Режиссерге фильмнің сценарийі туралы айтып бердім, оған картинаның желісі бірден ұнады. Кейін телефон арқылы байланысқа шықтық, ол мені жапондық продюсермен таныстырды. Нәтижесінде «Қазақфильм» киностудиясының қолдауын тауып, фильмнің түсіріліміне кірістік, - деді режиссер Ерлан Нұрмұхамбетов.
Фильмнің продюсері Юлия Ким кинотуындының қандай фестивальдерге қатысқаны туралы айтып берді. Оның айтуынша «Уақыт жолдары» фильмі ең алғаш 2019 жылы Азиядағы ең ірі кинофестивальдердің бірі – халықаралық Бусан кинофестивалі шеңберінде көрсетілген. Ал былтыр аталған туынды Токиодағы халықаралық кинофестиваль шеңберінде көрсетіліп, Жапонияда прокатқа шыққан екен. Сондай-ақ фильм Göteborg International Film Festival атты Скандинавиядағы ең ірі фестивальде көрсетілді. Одан бөлек фильм Гонконг, Прага, Барселона, Нью-Дели, Хельсинки, Торонто, Коттбус, Женева сынды басқа да қалаларда өткен фестивальдерге қатысты. 2021 жылы 29 маусымда «Уақыт жолдары» фильмі Францияда прокатқа шығып, 20-дан астам қалаларда көрсетілді.
Айта кетсек, фильмде басты рөлдерді Канн кинофестивалінде үздік актриса атанған Самал Еслямова, танымал қазақстандық актер Дулыға Ақмолда және жапондық актер Мирай Морияма, ал әкесін жоғалтқан баланың рөлін Мәди Минайдаров есімді жас актер сомдады.