Готтардың тарихын терең зерттеген - германиялықтардай, Рим империясының бүгінгі мұрагері - италиялық...
Астанадағы домбыра ескерткіші
Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамында Астанадағы күйшілер аллеясында «Домбыра» ескерткіші ашылды. Елордадағы Дина Нұрпейісова тас тұғырға көтерілген күйшілер аллеясында тойланған Наурыз тойы осындай игілікке ұласты.
Наурыз тойы мен домбыра мүсінінің ашылуына Халық қаһарманы, тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров қатысып, сөз сөйледі. Қазақтың қара домбырасы мен ұлттық құндылықтардың қай-қайсына болсын қамқорлықпен қарау керегін қаперледі ол сөзінде: «Ұлыс оң болып, ұрпақ санасы жетіле түсуі үшін мұндай бастамалар жерде қалмауы тиіс» дейді ол.
Көпшілік алдында сөз сөйлеген Халық қаһарманы Т.Әубәкіровтің иығына оқалы шапан жабылды. Ғарышкер болса халықтың бұл жоралғысына алғысын білдіріп, оны Астана қаласы Алматы ауданының әкімі Мақсат Саматұлының иығына көмкерді. Аудан әкімі жиылған көпшілікті мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Астана қаласы Алматы ауданының әкімдігі, «Ұлттық мүдде кеңесі» қоғамдық бірлестігі және «Күй анасы» республикалық қоры ұйымдастырған дүбірлі думанда күйші-композиторлар алаңына киіз үйлер тігіліп, қазан көтерілді. Көпшілік наурызкөжеден дәм татты. Күй тартылып, көпшілікке бата берілді. Күйші Дина Нұрпейісованың ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Басты жаңалық – тұғырымен есептегенде 5 метр болатын домбыра мүсінінің ашылғаны дер едік.
«Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Дина ескерткіші маңында музыкалық субұрқақ орнату жоспарда бар. Бұл жер демалыс аймағына айналмақ. Тәулік бойы қазақ композиторларының күйлері мен әндері орындалатын болады. Әр адам өзін Қазақ елінің азаматы екенін сезінуі үшін осындай істер қолға алынып жатыр. Өнер ұжымдарының күй тартуына арналған ашық сахна алаңын салу көзделіп отыр. Игі бастаманы қолдаған сіздерге көп рақмет», деді «Күй анасы» республикалық қорының жетекшісі Төлеген Қуанышев.
Қоғам қайраткері, журналист Серік Ерғали жыл басы Наурыз мейрамының ерекшелігіне тоқталып, ұлттың төл өнерін жас ұрпақ санасына сіңіруге баршамыз мүдделі болуымыз керегін айтты.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, күйші Орынбай Дүйсен Динаның «Тойбастарын» тартып, тыңдармандардың ыстық ықыласына бөленді.
Жәнібек Әлиман
egemen.kz