Оқу-ағарту министрлігі педагогтер лауазымдары тізіміне толықтырулар енгізді, деп хабарлайды madenipo...
215 мың жас түлек: Қазақстан мектептерінде соңғы қоңырау қалай өтеді?
Фото: tolqyn.kz
Биыл 25 мамырда барлық мектепте «Білімім – Отаныма!» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өтеді, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Қазақстан мектептерінде 2025-2026 оқу жылының қорытындысы шығарыла бастады. Биыл ел бойынша 3,9 миллионнан астам оқушы оқу жылын аяқтайды. Оның ішінде 215 мыңнан астамы – 11-сынып түлектері.
Оқу-ағарту министрлігінің ақпаратынша, оқу жылының қорытындысы бойынша 9-сыныпты үздік аяқтауға 31 мыңнан астам оқушы үміткер болса, 11-сыныпты үздік бітіруге 18 мың оқушы үміткер болып отыр. Қазіргі таңда еліміздің білім беру ұйымдарында 420 мыңнан астам педагог еңбек етеді.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бүгінде 217 заманауи мектеп пайдалануға берілген. Оның 84-і ауылдық елді мекендерде орналасқан. Қазір бұл мектептерде 220 мыңнан астам оқушы білім алып, 16 мыңға жуық педагог жұмыс істеп жатыр.
Оқу жылының аяқталуына байланысты 25 мамыр күні еліміздің барлық мектептерінде «Білімім – Отаныма!» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты ұйымдастырылады. Іс-шара барысында оқу жылының қорытындылары шығарылып, оқушылардың жетістіктері мен есте қалған сәттері еске алынады.
Сонымен қатар сынып сағаттарында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының негізгі құндылықтарына, білім мен ғылымға құрметті арттыруға, инновациялық ойлауды дамытуға ерекше назар аударылады. Оқушыларға жазғы демалыс кезінде оқуға ұсынылатын әдебиеттер тізімі де таныстырылады.
Оқу-ағарту министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен бұйрығы мен қаулысына сәйкес мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, сондай-ақ орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында бітіру кештерін мейрамханаларда, кафелерде, банкет залдарында, демалыс орындарында және табиғат аясында өткізуге тыйым салынған.
Сондай-ақ ата-аналардан, заңды өкілдерден және оқушылардан ақша жинауға, сыйлықтар мен басқа да материалдық құндылықтар талап етуге жол берілмейді. Аттестаттар мен дипломдарды салтанатты табыстау рәсімдері тек білім беру ұйымдарының ішінде өткізіледі.
Министрлік мәліметінше, бұл шаралар мектеп бітіру іс-шаралары кезінде қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге, сондай-ақ білім беру ұйымдарында «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайтуға бағытталған.