Таразда 16 жастағы оқушы қыз дүниеге сәби әкелді. Босанған қыз түскен облыстық перинаталдық орталықт...
«550 миллиард доллар»: Тоқаев Орталық Азияның экономикалық әлеуеті туралы мәлімдеді
Ақорда
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Корея Республикасы» бірінші бизнес-саммитінде сөз сөйлеп, өңір елдері мен Оңтүстік Корея арасындағы экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге шақырды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Қазақстан Корея Республикасының Орталық Азия елдерімен экономикалық байланысты жан-жақты дамыту ниетін жоғары бағалайтынын атап өтті.
Президенттің айтуынша, қазіргі геосаяси шиеленіс жағдайында мемлекеттер арасындағы өзара сенім мен түсіністік ұзақмерзімді экономикалық серіктестіктің маңызды шартына айналып отыр.
«Әлемдегі геосаяси шиеленіс жаһандық сауда мен экономикалық тұрақтылыққа бұрын-соңды болмаған қатер төндіріп тұр. Бұл жағдайда мемлекеттер арасындағы өзара түсіністік пен сенім табысты әрі ұзақмерзімді бизнес-серіктестіктің маңызды факторларының біріне айналады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Орталық Азия экономикасының қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
Оның мәліметінше, өткен жылы аймақ елдерінің жиынтық ішкі жалпы өнімі 550 миллиард долларға жуықтап, экономикалық өсім 6 пайыздан асқан. Бұл әлемдік орташа көрсеткіштен шамамен екі есе жоғары.
Мемлекет басшысы Орталық Азияның табиғи ресурстары, өсіп келе жатқан тұтыну нарығы және көлік-логистикалық мүмкіндіктері корей инвесторлары үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын айтты.
«Осы артықшылықтарды Кореяның өндірістік, технологиялық және қаржылық мүмкіндіктерімен ұштастыру өзара тиімді әрі перспективті ынтымақтастыққа жол ашады», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ортақ мақсаттарға қол жеткізу үшін өз әлеуетін толық пайдалануға дайын екенін жеткізді.
Оның пікірінше, ресурстарды біріктіру Орталық Азия мен Корея арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестікті жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді.