Абай облысында жолда инсульт алған жүк көлігінің жүргізушісі құтқарылды

Абай облысы ПД

ЖАҢАЛЫҚТАР
378

14 қараша кешкі уақытта Семей – Павлодар тас жолында патруль полицейлері жүргізуші рөлге ие бола алмай келе жатқандай, сенімсіз қозғалған жүк көлігіне назар аударды, деп хабарлады MadeniPortal.kz.

Капитан полиция Азамат Балғабаев, капитан полиция Жақсылық Қожагұлов және аға лейтенант полиция Жасұлан Сарбасов мінген экипаж көлікті дереу тоқтатуды жөн көрді.

Жүргізуші көлікті тоқтатуға, кабинадан шығып, өзінің жағдайы нашар екенін айтуға үлгерді. Бірнеше секундтан кейін ол есінен танды. Полицейлер бірден жүрек-өкпе реанимациясын бастады. Олардың әрекеті жүрек соғысын қалпына келтіруге көмектесті.

«Әр секунд бағалы екенін түсінген полицейлер жедел жәрдемді оқиға орнына күтпеуді шешті — олар зардап шегушіні Семей қаласына қарай шұғыл жеткізе бастады. Қала шетіне жеткенде экипаж жедел жәрдем көлігімен кездесіп, ер адамды медицина қызметкерлеріне тапсырды.
 Кейін дәрігерлер жүргізушінің инсульт алғанын растады. Патрульдік қызметкерлердің жеделдігі, үйлесімді әрекеті және адамгершілік танытуының арқасында оның өмірі аман қалды», — деп атап өтті полицияның баспасөз қызметі.