НЗМ-де «Қазіргі мектептегі бейнелеу өнері» атты бірінші республикалық практикалық конфер...
Аида Балаева Джей Лоның концертіне билет сатып алғанын айтты
Сурет ашық дереккөзден алынды
ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Дженнифер Лопестің концертіне билет сатып алу оңай болмағанын айтты, деп хабарлады MADENIPORTAL.KZ.
Оның айтуынша, билеттерді өзі емес, ұлы сатып алған және сатып алу барысында ол кейбір қиындықтарға тап болған.
«Біз де Джей Ло концертіне билет сатып алдық, ұзақ күттік, ақыры үш билет алғанымызда қатты қуанып кеттік. Бұл іспен ұлым айналысты. Жүйеде ақаулар болды, тізімге кіре аламыз ба деп қатты уайымдадық. Үш билет сатып алдық, концертке ұлым және келініммен барамыз, ал немеремізді, өкінішке қарай, қалдыруға тура келеді», — деді министр.
Министр әртістің еңбегі құрметке лайық екенін, ал оның шығармашылығын бүкіл әлем тыңдармандары жоғары бағалайтынын айтты.
«Дженнифер Лопес бүкіл әлемде мойындалған және құрметтелетін әртіс. Оның миллиондаған жанкүйерлері бар. Неге оның концертін көрмеске? Бұл керемет қой. Сонымен қатар, бұл еліміз үшін де пайдалы, өйткені Джей Ло жанкүйерлері Қазақстанды танып-біле бастайды. Осындай іс-шараларды ұйымдастырып жүрген коммерциялық компаниялардың бастамаларын қолдаймын», – деді Балаева.
Сонымен қатар, министр Джей Лоның елімізге келуіне қарсы пікір білдірген кейбір қазақстандықтардың сынына да жауап берді. Ол музыка мен мәдени шараларды қабылдау адамның жеке талғамына байланысты екенін атап өтті.
«Бәрі талғамға байланысты. Біреуге симфониялық музыка ұнайды, біреуге рок, ал енді біреуге — халық әндері. Қоғамда әрқашан талғамдардың алуан түрлілігі болады. Біз осы айырмашылықтарға түсіністікпен қарауымыз керек. Мысалы, азаматтарымыз жиі шетелге барып, белгілі бір әртістердің концерттерін көреді. Бұл да талғам мәселесі», – деп қорытындылады министр.
Бұған дейін Дженнифер Лопестің 1 тамызда Қазақстан астанасына келетіні белгілі болған еді.