Петропавлда көшелердің бірінді ер адам жартылай жалаңаш жүгіріп, тұрғындардың құтын қашырды, деп хаб...
Әл-Фараби даңғылындағы адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы бойынша үкім шықты
ашық дереккөз
Алматыда Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол-көлік оқиғасына қатысты іс бойынша Александр Пакқа үкім шығарылды, деп хабарлады MadeniPortal.kz.
Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот 33 жастағы сотталушыны Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-1-бабының 4-бөлігі бойынша – алкогольдік масаң күйде жол қозғалысы ережелерін бұзып, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне себеп болғаны үшін кінәлі деп таныды.
Сот Александр Пакты ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеумен 10 жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ ол өмір бойына көлік құралдарын басқару құқығынан айырылды.
Бұдан бөлек, сот қаза тапқандардың бірінің әкесінің азаматтық талап-арызын ішінара қанағаттандырды. Сотталушы оған моральдық зиян үшін 10 миллион теңге өтемақы төлеуге міндеттелді. Бастапқыда талапкер 100 миллион теңге өндіруді сұраған болатын.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Шешімді жариялағаннан кейін судья Еркін Майшинов сот барысында Zeekr көлігінің қозғалыс жылдамдығы және оның қарсы бағыттағы жолаққа шығып кеткені анықталғанын айтты. Бұл жағдай бетпе-бет соқтығысуға себеп болған.
«Сотта ұсынылған дәлелдердің шынайылығына күмән келтіруге негіз жоқ. Сотталушының кінәсі айқын дәлелденді. Жаза тағайындау кезінде сот жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу фактісін, сондай-ақ үш жас адамның қаза табуы түріндегі ауыр зардаптарды ескерді. Бұл – марқұмдардың жақындары үшін орны толмас қайғы», – деді Еркін Майшинов.
Судьяның айтуынша, ең жоғары жаза әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру және болашақта осындай қылмыстардың алдын алу мақсатында тағайындалған.
Қалалық соттың баспасөз қызметі Александр Пактың кінәсін ішінара мойындағанын хабарлады. Қорғаушы тарап айыпты Қылмыстық кодекстің 345-бабына қайта саралап, алкогольдік масаңдық белгісін алып тастауды және ең төменгі жаза тағайындауды сұраған. Ал прокурор ең қатаң жазаны талап еткен.
Соңғы сөзінде сотталушы өз кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтты. Сондай-ақ ол өзінің ықпалды байланыстары бар деген әңгімелерді жоққа шығарды.
«Мен – 20 жасымнан бастап еңбек етіп, бәріне өз күшіммен жеткен Тараздың қарапайым жігітімін. Мен миллионерлердің немесе миллиардерлердің баласы емеспін. Саяси лауазымды тұлғалармен ешқандай байланысым жоқ. Қол жеткізген дүниенің бәрін адал еңбегіммен таптым», – деді Александр Пак.
Бұған дейін сотта ол апатқа Zeekr көлігіндегі техникалық ақау себеп болуы мүмкін екенін айтқан. Оның сөзінше, мейрамханадан шыққаннан кейін көліктің аспаптар панелінде ескерту белгілері жанып, кейін көлік басқаруға көнбей қалған.
Сот процесі барысында Александр Пактың жол апаты алдында Алматыдағы ойын-сауық орындарының бірінде алкоголь ішкені де анықталды. Сонымен қатар сот оның бұған дейін жол қозғалысы ережелерін бірнеше рет бұзғаны туралы материалдарды зерттеді.