Әлемдегі 4 ірі шөлді басып өткен тарихтағы жалғыз желаяқ қазақ қайда жүр?

Жаңалықтар
3743

Азия, Африка, Австралия және Америка құрлықтарындағы құс қанаты талатын, тұлпар тұяғы күйетін байтақ төрт бірдей шөлді жалғыз кесіп өткен тарихтағы бірден-бір марафоншы – қазақ желаяғы Марат Жыланбаев. Марат 1992 жылы сәуір айында Азиядағы 1200 шақырымға созылған атақты Қарақұм шөлін 20 күнде кесіп өтсе, 1993 жылы ақпан-наурыз айларында дүние жүзіндегі ең үлкен шөл – Сахараны (1700 километр) 24 күнде жүгіріп өткен.

30 жастағы Марат Жыланбаев сол жылдың қараша және желтоқсан айларында Австралияның Үлкен Виктория шөлін – 1600 шақырым шөлейт даланы 22 күнде артқа тастады. Осы жерде «Жыланбаев күніне қанша жер жүгірді?» деген сауалға жауап іздеп көрейік. Егер 1600 шақырымды 22 күнге бөлсек, Марат тәулігіне 72 шақырым 727 метрді артқа тастаған болып шығады. Бұл дегеніңіз – сұрапыл нәтиже! Иә, стадионның тақтайдай жолымен азаннан кешке дейін 72 шақырым жүгіруге болатын шығар. Бірақ ми қайнатқан аптап ыстықта құм кеше жүгіріп, 22 күн бойы тұлпар шабысқа басу дүние жүзі бойынша Мараттың ғана қолынан келді.

Жыланбаев мұнымен тізгін тартқан жоқ. 1994 жылдың сәуір айында 1218 шақырымға созылған Невада шөлін жалғыз өзі 17 күнде желе-жортып өтті. Марат Төлегенұлының жоғарыдағы нәтижелері спорт шежіресіне әлемдік рекордтар ретінде тіркелді. Марат осы ғажап жетістіктерімен Гиннестің рекордтар кітабына енумен қатар, қазақ халқының спорт әлеміндегі мәртебесін бір көтеріп тастады.

 Енді Мараттың марафондағы дүниежүзілік рекордтарына тоқталайық. Жыланбаев 1990 жылдың басынан аяғына дейін 42 шақырым 195 метрлік классикалық марафонды 226 рет жүгіріп өтіп, әлемдік рекорд жасады. 1991 жылдың наурыз айында Марат Төлегенұлы 23 күнде 23 марафонды ауыздықтап, екінші әлемдік рекордына иек артты.

Ал 1991 жылдың маусым айында 15 күнде 30 классикалық марафонды артқа тастап, үшінші әлемдік рекордты жалынан ұстады. Бұл енді адам таңғаларлық дүние! Классикалық марафон, тағы қайталап айтамыз – 42 шақырым 195 метр! Күніне екі марафон 84 шақырым 390 метрге тең. Сонда кеудесі желкөрік қазақ тәулігіне 84 шақырымнан жүгіріп отырып, жарты айда 1265 шақырымды артқа тастаған екен!

Біз Марат Жыланбаевтың жер шарының небір мықты мамандары таңдай қаққан жетістіктерінің қадіріне жетіп жүрміз бе? Біле білсек, Марат Төлегенұлы Алла Тағала қазақ халқына сыйға тартқан біртуар дарын. Спортты терең түсінетін мамандар Маратты дүние жүзіндегі ең төзімді, ең білікті марафоншы деп бағалайды. Оны АҚШ пен Ресейдің, басқа да елдердің майталман мамандары өздеріне шақырған екен. Марат болса, кіндік қаны тамған топырағын, ата жұртын қимапты. Ал «Жер шарын жаяу айналып шықсам» деп тәуекелге мінгенде, не үкімет орындары, не ауқатты кәсіпкерлер жылы шырай танытпапты. Жұрт Мараттай ұлға зар болып жүргенде біз оның ең үлкен сапарына қаржы тауып бере алмадық. Егер Жыланбаев жұмыр жерді жаяу кесіп өтсе, бүкіл дүние жүзі қазақ халқын тағы бір мәрте мойындаған болар еді. Амал не, Марат жүйткіп тұрған шақта біз сондай мүмкіндікті уыстан шығарып алдық.

Әлемдегі 4 шөлді жүгіріп өтіп, Гиннестің рекордтар кітабына енген желаяқ қазақ бүгінде жеке кәсіппен айналысып жүр.

Қыдырбек Рысбек

«Қамшы» сілтейді

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...