Алматыда «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жаңа цифрлық шешімдер таныстырылды

Фото: Алматы қаласы әкімдігі

ЖАҢАЛЫҚТАР
38

Алматыда республикалық «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, саналы тұтыну қағидаттарын дамытуға және қалдықтарды бөлек жинау жүйесін жетілдіруге бағытталған жаңа цифрлық шешімдер таныстырылды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.

Жоба Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен, Алматы қаласы Экология және қоршаған орта басқармасының бастамасымен экологиялық серіктестермен бірлесіп жүзеге асырылуда.

ECO Network цифрлық платформасының таныстырылымы Арбатта өткен экологиялық фестиваль аясында өтті. Іс-шараны Алматы қаласы Экология және қоршаған орта басқармасы Бірінші Эко-Хабпен және ECO Network жобасымен бірлесіп ұйымдастырды. Бір жыл бұрын дәл осы жерде қайта өңделген пластиктен жасалған қаладағы алғашқы орындық орнатылған.

Іс-шараға мемлекеттік мекемелердің өкілдері қатысып, жаңа цифрлық платформаның мүмкіндіктерімен танысты. Сонымен қатар экологиялық бастамаға қатысу тетіктері түсіндірілді. 3 тамыздан бастап мемлекеттік ұйымдардың қызметкерлері тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап, оларды тұрақты түрде қайта өңдеуге өткізу арқылы бастамаға қатыса алады. Ал цифрлық платформа ұйымдардың экологиялық жобаларға қатысу белсенділігін нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді.

Алдағы уақытта платформаның мүмкіндіктері кезең-кезеңімен кеңейтіледі. Жасанды интеллект негізіндегі жаңа сервистер енгізіліп, жүйеге бизнес өкілдерін, білім беру ұйымдарын, колледждер мен жоғары оқу орындарын қосу жоспарланып отыр.

Іс-шара барысында қала тұрғындарына арналған екі жаңа экологиялық жоба да таныстырылды. Олар Алматы қаласы Экология және қоршаған орта басқармасының қолдауымен экологиялық серіктестермен бірлесіп жүзеге асырылып, қалдықтарды бөлек жинау мәдениетін қалыптастыруға, қайта өңделетін шикізат көлемін арттыруға және тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін күшейтуге бағытталған.

Алғашқы жоба - «Қайта өңделген пластиктен жасалған жиһаз». Жоба аясында тұрғындар Марков көшесі, 44 мекенжайындағы және Satbayev University аумағындағы Эко-Хабтарға пластиктің жекелеген түрлерін, соның ішінде жеміс-жидек жәшіктерін өткізе алады. Жиналған шикізат туралы мәліметтер econetwork.me платформасында тіркеледі. Белгіленген көлемге қол жеткізген қатысушылар қайта өңделген пластиктен жасалған бұйымдарға тапсырыс бере алады.

Екінші жоба - «Туған жерімнің жанашырымын». Бұл жоба аясында тұрғындар ұялы телефондардан, планшеттерден, электрлі самокаттардан, дрондардан және басқа да құрылғылардан алынған литий-ионды аккумуляторларды қайта өңдеуге тапсыра алады. Қабылдау Эко-Хабтарда жүзеге асырылады. Қабылданатын бұйымдардың толық тізімі econetwork.me платформасында жарияланады. Ең белсенді қатысушылар бағалы сыйлықтармен марапатталады.

«Таза Қазақстан» республикалық эко-акциясы экологиялық мәдениетті қалыптастыруға тың серпін берді. Бүгінде қалдықтарды бөлек жинау жүйесін дамытуға, заманауи технологияларды енгізуге және тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға бағытталған бастамалар саны артып келеді. Алматы қаласының әкімдігі мұндай жобаларды әрдайым қолдайды және алдағы уақытта да экологиялық бастамаларды серіктестермен және қала тұрғындарымен бірлесіп жүзеге асыру үшін қолайлы жағдай жасауды жалғастыра береді», – деді Алматы қаласы Экология және қоршаған орта басқармасының басшысы Серік Әділбаев.

ЖАҢАЛЫҚТАР

Жетісу облысында Жаркент қаласының тұрғыны бір ай ішінде сауда орталықтарының бірінен 600-ден астам...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Аңызға айналған британдық-непалдық альпинист Нирмал Пурджа (Нимсдай) 2026 жылғы 30 шілдеде Пәкістанд...