Димаш Құдайбергеннің «Love’s Not Over Yet» әні Польшадағы Radio Olsztyn хит-парады...
«Ақылды жарын айтсайшы»: Тұрсынбек Қабатовқа ерекше сый жасалды
коллаж MadeniPortal.kz
Қазақстандық кәсіпкер Әділет Байнашев белгілі әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың он жыл бұрын жасаған жақсылығын ұмытпай, өнер иесіне отбасымен бірге Умраға баруға жолдама сыйлады. Бұл туралы кәсіпкер әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Кәсіпкердің айтуынша, ол Тұрсынбек Қабатовпен алғаш рет 2016 жылы танысқан. Сол кезде екеуі жақын араласып, әзілкеш келесі жылы өтетін анасының тойын тегін жүргізіп беруге уәде еткен.
Әділет Байнашев танымал өнер иесінің сол уәдесінде тұрып, арнайы уақыт бөліп келгенін ерекше ықыласпен еске алды.
«2016 жылы Тұрсынбек ағамен танысқанмын. Танысқан күні сырласып, жақсы ағалы-інілі болып, 2017 жылы мамамның тойын басқарып беретін болып уәде берген. Әрине, тегін. Ол – Тұрсынбек Қабатов қой. Ойлаңыздаршы, 2016 жылы анамның тойы болатын күнді ағам өзі белгілеп, бір ауыз сөзім үшін арнайы келіп басқарып берген», – деп жазды кәсіпкер.
Арада он жыл өткенде кәсіпкер сол жақсылыққа алғыс білдірудің ерекше жолын таңдаған.
«Алла қаласа, бүгін араға 10 жыл салып, сол жақсылығына өзімнің алғысымды білдірсем бе деп тұрмын. 10 жыл бұрын анамның тойына арнайы келіп қызмет жасап бергені үшін Тұрсынбек ағама отбасымыздың атынан Умраға жолдама сыйладым», – деді Әділет Байнашев.
Кәсіпкердің бұл әрекеті желі қолданушыларының ықыласына бөленді. Оқырмандар оның жақсылықты ұмытпағанына риза болып, жылы лебіздерін білдірген.
«Не деген жомарттық, не деген мәрттік, риза болып қалдым», – деп жазды пікір қалдырушылардың бірі.
Тағы бір желі қолданушысы кәсіпкердің анасына жасаған құрметін ерекше атап өткен.
«Ана деген ниетіне Алла беріп тұрған ғой бәрін», – деп жазды ол.
Ал кейбір оқырмандар Тұрсынбек Қабатовтың жарына да назар аударған.
«“Орамалыңыз” деп дереу сыйға-сый жасап жатқан Тұрекеңнің ақылды жарын айтсайшы», – деп пікір білдірді желі қолданушысы.
Осылайша, он жыл бұрын жасалған жақсылықтың қарымтасы ретінде берілген ерекше сыйлық әлеуметтік желіде көпшіліктің жылы пікіріне ие болды.