Кісі қолынан қаза тапқан 19 жастағы студент Нұржан Беріктің анасы Айгүл Рахымбекова ұлын аяусыз өл...
Ассамблея еліміздің татулығы мен тұрақтылығының басты кепілі
Қазақстан халқы Ассамблеясы этносаралық келісімді, қоғамдағы толеранттылықты және халық бірлігін одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдай жасауға септігін тигізеді. Сонымен қатар ҚХА мемлекеттік органдарға экстремизм мен радикализм көріністеріне қарсы әрекет етуге, азаматтардың демократия нормаларына негізделген саяси-құқықтық мәдениетін қалыптастыруға көмек көрсетеді. Ассамблея этномәдени бірлестіктердің күш біріктіруін қамтамасыз етеді, этно мәдени орталықтардың, Қазақстан халқының ұлттық мәдениеттері, тілдері мен дәстүрлерінің өркендеуін, сақталуын, және дамуын қамтамасыз етеді.
Елімізде кезінде тарихтың тауқыметімен ауып келген, бүгінде түрі басқа болғанымен тілегі бір түрлі ұлт өкілдері қазақ халқымен бірге өмір сүруде. Ал Қазақстан барша ұлт өкілдерін бауырына басып, татулық пен бірлікті насихаттап, бір шаңырақ астында достықтың алтын ұясына айналып отыр. Тіпті осынау айрандай ұйыған татулығымызға сырт көз таңдай қағып, тамсануда. Кеше ғана Астанада өткен жиында шетелдік сарапшылар «Ұлтаралық және конфессияаралық келісімді сақтау тұрғысында Қазақстанның таңдаған жолы Орталық Азияда ең үздік болып отыр» деп баға берді.
130 ұлт пен ұлыстың ұрпағын бауырына басқан, азаматтық келісімді тұғыр етіп, түрлі мәдениеттер мен діндерді тоғыстырып, көп ұлттың татулығын ту етіп отырған еліміз туралы БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Кофи Аннан «Қазақстан – түрлі ұлт өкілдерінің өзара татулығын нығайтуда әлемге үлгі бола алатын ел» деген болатын. Бүгінгі күні айналамызда түрлі жағдайлар орын алып, ел берекесі қашып отырғанда біздің еліміздегі ұлттар достығы шын мәнінде үлкен жетістік деуге болады.
Халық үшін бейбіт заманда мамыражай өмір сүруден артық ешқандай бақыт жоқ. Сондықтан елімізде татулық пен тұрақтылыққа Тәуелсіздік алған жылдардан бастап ерекше мән беріліп келеді. Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын да алғаш рет Елбасымыз 1992 жылдың желтоқсанында өткізілген Қазақстан халқының бірінші форумында айтқан болатын. Тарих қойнауында алтын әріптермен таңбаланған аталмыш форум жұмысында Мемлекет басшысы баяндама жасап, Қазақстан дамыған елдер қатарына қосылу үшін, ел тұрғындары бай, әл-ауқаты жоғары өмір сүру деңгейіне жету үшін халықтың ынтымағы, бірлігі мен татулығының негізгі рөл атқаратынын ерекше атап өткен болатын. Қазіргі таңда Ассамблея этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырушы маңызды құралға айналып, елімізде тұрмыс кешіп отырған барлық этностардың өзара тең құқықты қатынасын қамтамасыз етуші рөлге ие бірден-бір ұйым болып отыр. Ал жыл сайын өтетін Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясы биыл «Бес әлеуметтік бастама - қоғамның әлеуметтік бірлігінің тұғыры» күн тәртібімен шақырылып отыр. Демек, халықтың әлеуметтік жағдайын арқау еткен сессияның бұл жолғы маңызы да ерекше болмақ.
Алдағы уақытта Ассамблея жұмысын жандандырып, маңызын арттыру да еліміздің басты мақсаттардың бірі болып отыр. Осы орайда бүгінгі қоғамымызда Ассамблеяның рөлі ескеріліп, «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқылануда. Жоба аясында аталған Заңға бірқатар түзетулер мен жаңадан төрт бап енгізіліп отыр. Мамандар «жаңа талаптарға сәйкес, Ассамблея қызметін заңнамалық түрде жетілдіру - объективті қажеттілік. Қарастырылып отырған заң жобасы дәл осы мақсаттарды көздейді» дейді. Осы орайда құжаттағы ең маңызды бағыттарына тоқталсақ, біріншіден, ҚХА-ның атқаратын қызмет саласы мен жауапкершілігін арттыру ескерілген.
Атап айта кетер жайт, бүгінгі күні де ассамблеяның ел білмейтін көптеген істерге мұрындық болып отырғаны жасырын емес. Ұлтаралық келісімді сақтаумен қоса мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, шетелдегі қандастарымыздың заңды мүдделерін қорғау, ұлттық құндылықтарын сақтауға көмектесу сияқты міндеттерді адал атқарып отыр.
Сондай-ақ мемлекеттік органдар мен халық арасындағы байланыстың нығаюына қызмет ететін қоғамдық келісім кеңестерінің жұмысы бүгінде республика бойынша жолға қойылған. Қоғамдық бақылау жүргізіп, халықтың жергілікті мәселелерінің шешілу процесіне қатысу белсенділігін арттыратын, қоғамымызда халық белсенділігін көтеретін кеңестің саны жыл санап артып келеді. Мәселен, 2016-2017 жылдары аталған ұйымдар саны республика бойынша 2207-ден 2978-ге дейін өскен. Өткен жылдың желтоқсан айында Астанада қоғамдық келісім кеңестерінің республикалық форумында олардың атқарған жұмыстарына баға берілді. Нәтижесінде қоғамдық кеңестердің қатысуымен қоғамды алаңдатқан 6019 мәселе көтеріліп, 1635 ұсыныс дайындалғаны, оның 1381 қаралып, жүзеге асырылғаны жөнінде мәлімдеме жасалды.
Ассамблеяның бүгінгі күні халық біле бермейтін тағы бір қызметі қайырымдылық жұмыстарын ұйымдастыруға атсалысуы болып отыр. Қазақстанның «Қайырымдылық туралы» заңының 7-бабына сәйкес, Қазақстан халқы ассамблеясы ел ішінде мұқтаж топтарға көмек көрсету қызметін үйлестіруге қолдау көрсететіні белгіленген. Осы мақсатта жыл сайын Қазақстан халқы ассамблеясы жалпыұлттық акциялар ұйымдастырып, жағдайы нашар отбасыларға, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне материалдық көмек көрсету, көпшілік қолдану мақсатында спорттық алаңдар салу, балалар үйі түлектерін қолдау секілді жұмыстармен де айналысады. Ал этномәдени орталықтары әр халық өкілдерінің өз ұлттық дәстүрлерін сақтауға зор ықпал жасап, еліміздің мәдени жағынан әртарапта дамуына үлес қосып келеді. Көптеген өңірлерде Достық үйлері құрылып, жұмыс істеуде. Жыл сайын Ассамблея мыңдаған іс-шара ұйымдастырып, оларға миллионнан астам адам қатысады. Осылайша ынтымақ ұйытқысына айналған ұйым бұл мақсаттарды жоғары деңгейде орындап келеді.
Ассамблея дүниеге келген 23 жылдан бері атқарған қызметі мен жүріп өткен сара жолы қазақстандық этносаралық және конфессияаралық келісім үлгісінің әлемдік қауымдастық алдында беделді ұйымға айналып, ел қоғамының құрамдас бөлігіне айналғанын көрсетті. Қазақстанның экономикалық дамуы, этносаралық қатынастардың әлемдік қауымдастық тарапынан мойындалуы бүгінгі күні зор жетістік деуге болады.
Ғасырлар бойы тағдыр талайына ұшыраған халықтарды құшағына сыйдырып, көптеген ұлыс пен ұлттың құтты қонысына айнала білген еліміздің бірлігі алдағы уақытта да берік болғай!
Еркенұр Ерзия
Madeniet.kz