«Астана Операда» «Жизель»: басты партияда жас балериналардың дебюті өтеді

Ашық дереккөз

ЖАҢАЛЫҚТАР
88

8-9 қазанда «Астана Опера» театрының Үлкен залында Адольф Аданның «Жизель» қиял-ғажайып балеті көрермен назарына ұсынылады. Қойылымның көркемдік жетекшісі – Ресейдің халық әртісі, әлемдік балет жұлдызы Алтынай Асылмұратова, деп хабарлады MadeniPortal.kz.

Бұл жолғы спектакльдер жас әртістердің дебютімен ерекшеленеді. Жизель партиясын 8 қазанда Шұғыла Әдепхан, ал 9 қазанда Алина Зырянова алғаш рет орындайды.

Алтынай Асылмұратова Жизель бейнесін Мариин театры мен Корольдік балет сахналарында сомдап, бұл партияны өзінің ең сүйікті рөлдерінің бірі ретінде атап өткен.

«Жизель – ұлы әрі ең үйлесімді балеттердің бірі. Бұл романтикалық әрі драмалық балеттің шынайы үлгісі. Мұндай рөл кез келген балеринаның арманы, өйткені әр әртіске өзінің үнін жеткізуге мүмкіндік береді», – дейді Алтынай Асылмұратова.

Көркемдік жетекшінің айтуынша, оның жас әртістермен жұмыс істеуіне көп жылдық сахналық тәжірибесі мүмкіндік береді. Ол өзіне ұстазы Ольга Моисеевадан берілген білімді кейінгі буынмен бөлісуді маңызды санайды.

Ал Жизель партиясын алғаш орындайтын Шұғыла Әдепхан бұл рөлді әлемдік хореографиядағы ең терең әрі драмалық тұрғыдан күрделі партиялардың бірі деп бағалайды.

«Жизельдің рөлі – әлемдік хореографиядағы ең терең, көп қырлы әрі драмалық тұрғыда күрделі партиялардың бірі. Оны сомдағанда техниканы ғана көрсетпейсің, сахнада тұтас хикаяны бастан кешіресің», – дейді балерина.

Шұғыла Әдепхан 8 қазанда Граф Альберт партиясын орындайтын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Рахматуллаевпен бірге сахнаға шығады.

Ал 9 қазанда Жизельдің рөлін Алина Зырянова сомдайды. Оның серіктесі – Граф Альберт партиясын орындайтын Эркин Базарбаев. Әртістің айтуынша, олар бұған дейін де бірге өнер көрсеткен, сондықтан сахнадағы өзара түсіністік қойылымның драмалық мазмұнын ашуға мүмкіндік береді.

«Жизельдің» бүгінгі көрермен үшін де өзектілігі – балетте махаббат, сенім, сатқындық, кешірім және өзге адам үшін құрбан болу секілді мәңгілік тақырыптардың қозғалуында.

«Алғашқы премьерасынан бері 200 жылға жуық уақыт өтсе де, кейіпкерлердің эмоциялары мен уайымдары бүгінгі көрерменге де түсінікті әрі жақын болып қала береді», – дейді Эркин Базарбаев.

Сонымен қатар спектакльдерде Мирта партиясында Әдемі Жанабіл, Ганс партиясында Ахмет Қабкенов дебют жасайды. Ал Әлия Әмірхан кіріспе па-де-де партиясын алғаш рет орындайды.

«Астана Опера» симфониялық оркестріне дирижерлік ететін – Элмар Бөрібаев.

Спектакльдер 8 және 9 қазанда сағат 19:00-де басталады.

ЖАҢАЛЫҚТАР

Павлодарда полиция әлеуметтік желілерді мониторингтеу кезінде балағат сөздер жариялаған әйелдің акка...

ЖАҢАЛЫҚТАР

29-30 қыркүйекте республиканың басым бөлігінде күн райы ашық болады, деп хабарлайды MadeniPortal.kz....