Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінде Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрліг...
Тілі өлген ұлт – тірі өлген ұлт
Фото: ашық дерккөз
«Мың өліп, мың тірілген» қазақтың басынан небір зобалаң замандар өтті, соған қарамастан біз 21 ғасырға ұлт болып сақталып, аман-есен жеттік. Оған да шүкір. Бірақ жоғалтқанымыз көп.
Кеңестер Одағының құрамында болған жетпіс жыл ішінде қазақ советтердің құйтырқы саясатының кесірінен талай ұлттық қасиетінен айырылды, болмыс-бітімі көмескіленді, бойында тектік мінездің жұрнағы ғана қалды. Тіліміз шұбарланып, біршама қаракөздеріміздің орысшаға бейімделіп кетуінің себебі сол. Қазақты экспанциялау советтер заманында бірде жымысқы, бірде ашық түрде тасыраңдықпен жүргізілді. Егемен ел болғанымызға 33 жыл өтсе де одан әлі азап шегіп келеміз. Әлі де бұл қауіптен құтылғанымыз жоқ.
Осы жетпіс жыл ішінде Советтердің құрамында болған 93 этнос құрытылып кетіпті. Олар айға ұшып ізім-қайым жоғалған жоқ, тек ұлттық салт-санасын ұмытып, ата тектерін орысша жаздырып, орыс «мәдениетіне» бейімделіп, өздері де орыс болып кетті.
Ал қазақты осы нәубеттен аман алып қалған, ол – ұлттық санасы. Әдебиеті, мәдениеті, тілі, діні, ділі , тарихы, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыпы. Қазақтың ата-баба дәстүріне, ұрпақтар сабақтастығына адалдығы сақтап қалды бұл кесапаттан.
«Адам ұрпағымен мың жасайды» дейді қазақ, бұл келесі ұрпағының ата-баба жолын ұстануын, ана тілінде сөйлеп, ұлттық құндылықтарын қорғауын, әулеттің атына кір келтірмеуін меңзейді. Сонда бабалар аруағы да балаларына разы болады, желеп-жебеп жүреді.
Ұлттың басты тірегі – тіл! Егер ол жоғалды екен, онда сен түрім қазақ екен деп қазақ бола алмайсың! Тіл – ұлттық иммунитет. Сол себепті де Советтер Одағы, оның алдында Патшалық Ресей қазақтың ең алдымен тілін құртуға тырысты, салт-дәстүрін ескіліктің нышаны деп кемітті. Мұндай жымысқылыққа сеніп қалған, әйтпесе қарсы тұруға қауқары болмаған этностар бүгінде жер бетінен жоғалды. Қазақ күрескер ұл-қыздарының арқасында, халықтың қолдауымен бүгінгі күнге ұлт ретінде аман жетті. Тәубе!
Ұлттық күрескерліктің символына айналған, халқы үшін 27 жыл түрмеде отырған, кейін Оңтүстік Африка Республикасының Президенті болған, Нобель сыйлығының лауреаты Нельсон Мандела былай дейді: «Егер сенің тілің мен мәдениетің жоғалса, онда шекараны аша сал. Бәрібір бұл сенің мемлекетің емес. Енді сенің қорғайтын түгің қалмады». Рас сөз. Тілің мен ділің жойылса, басқа да құндылықтарың құрметтелмесе, онда қазақтығың қайсы?! Сондықтан бүгінгі ұрпақтың басты міндеті – ұлттық санаға селкеу түсірмей, ата-баба дәстүріне адал болу. Нағыз патриоттың келбеті сондай болмақ!
Д.Асау