Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі барша жеткіншектерді Халықаралық балаларды қорғау кү...
Астанада бильярдтан «Өнер өрендері» атты командалық жарыс өтті
Астана қаласында өнер мен шығармашылық саласында жүрген айтыскер, әнші, жазушы, журналистер арасында «Өнер өрендері» атты бильярдтан командалық жарыс өтті. 16 команда қатысқан бұл дәстүрлі дода осымен 3-ші жыл қатарынан өткізіліп келеді.
Биылғы сайыстың ерекше тұстары көп. Сайысқа мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияның баспасөз хатшылары, қазақ дәстүріне үлес қосып жүрген атбегілер, театр сахнасынан түспейтін актерлер де қатысты. Еліміздің беделді телеарналары «Хабар» мен «Қазақстан» да өз алдына командаларын сайлап келсе, ғасырмен құрдас «Қазақ Радиосының» тастаяқшылары да бақтарын сынап көрді.
Тағы бір ерекшелігі, сурет шығармашылығын дамытып жүрген фотографтар мен қазіргі заманның мобилографтары да өз алдына команда жасақтап шығарды.
Осы жарыста халық қалаулысы, Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп, экс-депутат Уәлихан Қайдаров, Жанарбек Әшімжан сынды азаматтардың төбесі көрінді. Елге танымал, әншілер - Лұқпан Жолдасов, Дәурен Сейітжан, төкпе термеші – Әлихан Дүйсенбай, шабыты шаң қаптыратын айтыскер ақындар - Аманжол Әлтаев, Дәулеткерей Кәпұлы, Еркебұлан Қайназаровтар тас құрсаудай бекініп келіпті. Бауыржан Қарағызұлы, Ұларбек Нұрғалым сияқты арқалы ақындарға қарсы, сахна төрінде жүрген, елге еңбегі сіңген театр актерлері Нұркен Өтеуіл, Жәнібек Мусаев, Асылбек Қапаевтар таяқ түйістірді.
Әлімжан Сабыржанұлы, Шархан Қазығұл, Тұрмағамбет Кенжебай, Арман Сқабыл, Зейін Әліпбек, Мұхтар Түменбай, Талғат Ешен, Дулат Абиболлаев сынды жазу өнерінің майталмандарымен қоса, осындай журналистерді түлетіп отырған алтын ұяның басшысы, Еуразия Ұлттық Университеті Журналистика факультетінің деканы Қайрат Сақ та сақадай сай дайындалып келіпті. Ұлттық өнерімізді дәріптеп, қазақтың Құлагерін тірілткен, қоғам қайраткері Сәдібек Түгел бұл жолы атбегілерден команда жасақтаған. Талай жыл табан тайдырмай Үкіметте фотограф болып жұмыс істеп келе жатқан Шүкір Шахай өз ізбасарларымен келді. Оңдасын Мейірбаев бастаған ардагерлер де жастардан есе жібермесін байқатты.
Сайысқа демеушілік танытып, қолдау көрсеткен «Litera-M» Қауіпсіздік қызметінің бас директоры, полиция генерал-лейтенанты Демеуов Марат.
Ғанұлы. Жарысты ұйымдастырған белгілі тележурналист, ішкі істер министрінің экс-кеңесшісі Нұрділдә Ораз.
Жарысқа төрелік еткен жоғары Ұлттық дәрежедегі төреші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, еңбек сіңірген қайраткер Несіп Жүнісбайұлы ағамыз.
Жарыстың қорытындысы бойынша:
1 орын Атбегілер «Үш сері» командасы
2 орын Фототілшілердің «Фокус» командасы
3 орын Театр актерлерінің «Қаллеки» командасы
Бас демеушінің арнайы сыйлығы Қазақстан телеарнасының «Ұлттық арна» командасына бұйырды.
Бұдан бөлек мерген, шебер, ұқыпты ойыншы сынды түрлі номинациялар үлестірілді.
«Өнер Өрендері» бильярд клубы