Жазушы, публицист, ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты Бейбіт Қойшыбаев - Алаш қозғалысының жетекшіс...
«Ат мінгізіп, шапан жаппақ түгілі...»: Тұрсынбек Қабатовтың жары Оралға өкпесін айтты
коллаж
Тұрсынбек Қабатовтың екінші әйелі Айман Талғатқызы әзілкештің туған жері Орал қаласына қатысты өкпе-назын білдірді. Оның сөзінше, өнер иесі туған өлкесін үнемі қолдап жүргенімен, 20–25 жылдық шығармашылық жолына арналған концерт кезінде жергілікті тараптан лайықты құрмет көрсетілмеген, деп хабарлады MadeniPortal.kz.
Айман Талғатқызы Қабатовтың Оралдан шыққан өнер адамдары мен жастарға қолдау көрсетіп, қаладағы түрлі шараларға арнайы барып жүргенін атап өтті. Сондай-ақ оның туған қаласына арнап «Оралым» әнін жазғанын да еске салды.
«Бірақ өзінің туған жері Орал қаласы бір құрмет танытып, “20–25 жыл” деп концерт беріп жатқанда, ат мінгізіп, шапан жаппақ түгілі, бір парақ құттықтау қағазын беруге жарамағаны жанына батады. Қаншама Оралдан шыққан әртістерге, жастарға қол ұшын созып, қала күні дегенде ұшып барады. Көмектесіп, бір бүйірі бұрып тұрады. “Оралым” деп ән жазып, жүрген жерінде айтып жүреді», – деп жазды Айман Талғатқызы.
Ол желі қолданушыларының бұл жағдайды әзілкештің жеке өмірімен байланыстырып жазған пікірлеріне де жауап берді. Айманның айтуынша, өнердегі еңбекті отбасылық жағдаймен байланыстыру дұрыс емес.
«Құрметтілер, өнер мен отбасыны салыстырмаңыздар! Өнер жолында 26 жыл үзбей, тынбай еңбек етіп жүрген жандар көп емес. Кейбіреулері “ажырасқасын туған жері ұнатпай қалған шығар” деп жазыпты. Ал құрметтесе, ажыраспай тұрып-ақ көрсетпей ме сол құрметтерін?» – деді ол.
Осылайша Айман Талғатқызы Тұрсынбек Қабатовтың жеке өміріне қарамастан, оның ұзақ жылдық шығармашылық еңбегі мен туған өңіріне жасаған қолдауы лайықты бағалануы керек деген пікір білдірді.