"Бір жылдан кейін ешкім еске алмайды": Танымал блогердің аза тұту күні айтқан сөзі қызу талқылануда

Фото: видеодан скриншот

ЖАҢАЛЫҚТАР
183

25 қыркүйекте Қазақстанда Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметшінің қаза болуына байланысты жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды. Осы күні әлеуметтік желіде блогерлердің жариялаған контенті де талқыға түсті. Соның ішінде блогер Жанбота Қойлыбаеваның стористері мен желі қолданушысына берген жауабы қызу пікірталас тудырған, деп хабарлайды MadeniPortal.kz Stan.kz-ке сілтеме жасап. 

Әлеуметтік желі қолданушыларының бірі Қойлыбаеваның қаралы күні жарнамалық сипаттағы стористер жариялағанын айтып, наразылығын білдірген. Автордың сөзінше, қаза тапқан әскери қызметшілердің арасында бірнеше жыл бірге татамиде жаттыққан жақын адамы болған. 

скрин

Кейін әлеуметтік желіде блогермен болған хат алмасудың скриншоты тарады. Онда оған қаралы күнге құрметпен қарау туралы пікір айтылған. Бұған жауап ретінде Қойлыбаева:

"Бір жылдан кейін бұл адамдарды ешкім еске де алмайды", – деп жазған.

Кейін Жанбота Қойлыбаева бұған дейін жариялаған стористерін өшіріп, жағдайға қатысты түсініктеме берді.  

"Қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтамын. Мұндай жағдайда ешкімге жақынынан, туғанынан, баласынан айырылуды тілемеймін. Өзім негативке көп көңіл бөлмеуге тырысамын, жаңалықтарды да көп оқымаймын. Блогерлерге немесе бірдеңе жариялаған адамдарға қысым жасау дұрыс емес деп ойлаймын. Өмір жалғасады. Дегенмен контентімді өшірдім және жарияланымдарым біреудің көңіліне тиген болса, кешірім сұраймын", – деді блогер.

Осы жауаптан кейін әлеуметтік желіде түрлі пікір айтыла бастады. Кей қолданушылар блогердің сөзін қаралы күнге сай емес деп қабылдап, мұндай кезде жарияланатын контентке мұқият қарау қажет екенін жазған. Басқалары адамның әлеуметтік желіде не жариялайтыны оның жеке таңдауы екенін алға тартқан.

блогер

Талқылау бір ғана блогердің жазбасымен шектелмеді. Әлеуметтік желіде қаралы күндегі өзге блогерлердің контенті де сөз болды. Мәселен, қолданушылардың бірі қазақы нақыштағы, кеуде тұсы ашық киіммен түскен фотосын жариялаған блогердің жазбасына назар аударған. Бұдан бөлек, басқа блогер қаралы күннен кейін күнделікті контентті қашан қайта жариялау орынды деген сауал көтеріп, "Сторис салуға бола ма, әлде тағы бір апта күтейін бе?" деп жазған. 

Бұл мәселеге блогер Алексей Лодочников та өз көзқарасын білдірді. Оның айтуынша, блогерлердің де отбасы, балалары мен жақындары бар, сондықтан қоғамдық тақырыптарға пікір білдіргенде ықтимал салдарын ескеретіндер бар.

"Мен азаматтық ұстанымымды белсенді білдіруге тырысамын. Бұл заңмен тыйым салынбаған. Бірақ қазіргі жағдайда өзім үшін белгілі бір шек бар екенін түсінемін. Сондықтан көзқарасымды барынша дұрыс әрі абайлап жеткізуге тырысамын", – деді ол.

Лодочниковтың сөзінше, кей жарияланымдардан кейін оған  белгілі бір тақырыпты қозғамауды сұрап хабарласатын кездер болады.

"Кейде бірнеше рет қоңырау шалып, хабарлама жібереді, тіпті келуі де мүмкін. Сондықтан кей жарияланымдарды өшіруге тура келеді. Блогерлердің елде резонанс тудырған жағдайларда неге кейде үндемей қалатынын осыдан түсінуге болады", – деді Алексей Лодочников. 

СПОРТ

Қазақстандық Ясмина Тоқсанбаева Азия ойындарында бірінші келді, бірақ алтын медаль ала алмады. World...

PESTEL

Үндістанның Уттар-Прадеш штатында толассыз жауған нөсер жаңбыр салдарынан кемінде 62 адам қаза тапты...