«Бірнеше рет есінен танып қалды»: Ақтауда мектептегі жанжал жаппай төбелеске ұласты

ашық дереккөз

ЖАҢАЛЫҚТАР
102

Ақтаудағы №1 жалпы білім беретін мектепте 10 және 11-сынып оқушылары арасында жаппай төбелес болды. Салдарынан екі жасөспірім медициналық көмекке жүгініп, олардың бірі ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.

Оқиға 5 қазанда дене шынықтыру сабағы кезінде болған. Зардап шеккен 10-сынып оқушыларының бірінің анасының айтуынша, жанжал футбол алаңындағы сөзге келіспеушіліктен басталған. Кейін оған басқа жоғары сынып оқушылары араласып, төбелес топтық сипат алған.

Оқиғадан кейін екі оқушы аурухананың қабылдау бөліміне жеткізілген. Олардың біріне денесінің көгеруі мен жарақаттары анықталып, ми шайқалуына күдік болған.

«Ұлым төбелес кезінде бірнеше рет есінен танып қалған. Бірақ олар тоқтамаған. Денесінде көгерген жерлер мен жарақаттар бар. Жүрегі айнып, құсып, басы айналып жатыр», – деді зардап шеккен оқушының анасы.

Ақтау қалалық білім бөлімі мектепте төбелес болғанын растады. Оқиғаға қатысқан жасөспірімдер мен олардың ата-аналары полицияға жеткізілген.

Білім бөлімінің мәліметінше, заңды өкілдер балаларды тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамағаны және кәмелетке толмағандардың ұсақ бұзақылығы бойынша жауапкершілікке тартылған. Жасөспірімдер профилактикалық есепке қойылып, іс материалдары кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияға жолданды.

Ал зардап шеккен баланың анасы оқиғаның толық әрі жан-жақты тексерілуін талап етіп отыр.