Санаулы күндерден соң Беларусь астанасында «Junior Eurovision-2018» халықаралық балалар...
“Дала қырандары": Орал қаласының маңындағы су тасқынына қарсы іс-шараларға 400 адам қатысты
Дала қырандары
16 сәуір күні “Дала қырандары" жастар бірлестігі Батыс Қазақстан облысының аумағындағы елді мекендерді табиғи құбылыстардың теріс әсерінен қорғауға бағытталған су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысты. Бұл жұмыстарды жүргізуге бірлестікке ҚР Туризм және спорт министрлігі бастаған еліміздің белгілі спортшылары және БҚО-ның түрлі спорт өкілдері қосылды, деп хабарлайды madeniportal.kz.
Спортшылардың осы акцияға қатысуы ынтымақтастық, командалық рух және басқаларға көмектесу сияқты спорттық құндылықтардың маңыздылығын көрсетеді.
Қазіргі уақытта Орал қаласына Серік Сапиев, Бейбіт Ыстыбаев, Данияр Елеусинов, Сергей Цырульников, Ербол Хамитов, Асхат Ділмұхамедов, Алматы Кебіспаев, Василий Тахтай, Фируза Шәріпова және т.б. танымал спортшылардан құралған алғашқы эшелон Зачаганск елді мекеніндегі бөгетті нығайту жұмыстарына ат салысуда. Жергілікті тұрғындарға көмекке 400 адам жиналды. Олар ММА, грек-рим және еркін күрес, грэпплинг, футбол, футзал және т.б спорт түрлерінің өкілдері.
Еске сала кетейік, «Дала Қырандары» ЖҚБ наурыз айында Қоянды ауылының тұрғындарына көмекке барған болатын. Қырандар аулаларды еріп үлгермеген қардан тазарту арқылы жергілікті тұрғындардың баспаналарына қызыл судың кіруіне жол бермеді.
Ал 3 сәуір күні қырандар Астанадағы гуманитарлық көмек жинау нүктесіне көмектесті. Бұл жолы қажетті заттарды сатып алуға көмектесуден бөлек, қайырымды азаматтар жіберген дүниелерді сол жерде сұрыптап, еліміздің су басқан аудандарына одан әрі тасымалдау үшін көліктерге тиеді.
9 сәуірде Тайтөбе кенті тұрғындарына көмек қолын созды. Ал 10-ынан 11-інші сәуірге қараған түні қозғалыс қатысушылары Жібек Жолы ауылы тұрғындарының өтініштері бойынша жергілікті бөгетті нығайту жұмыстарына атсалысты.