ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы болған Әділбек Жақсыбеков "Цесна" корпорациясы директо...
«Е–ZHETYSU.KZ» порталы қолданысқа енді
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында Алматы облысында «Е–ZHETYSU.KZ» порталы әзірленді. Аталған бағдарламаның әкімшісі және оған тапсырыс берушісі облыс әкімдігі жанындағы «Техникалық қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі. Бұл порталды әзірлеу мақсатында облыс бюджетінен 58 млн.181 мың теңге қаражат бөлініп игерілген.
Бұл туралы облыс орталығы Талдықорғандағы «Жетісу – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінде өткен басқосуда айтылды. Мамандардың айтуынша, аталған портал арқылы мектепке дейінгі балалар ұйымдарына кезекке қоюды автоматтандыруға мүмкіндік бар. «Ведомстволық бағыныстағы мекемелердің орталықтандырылған деректер қоры» ақпараттық жүйе шеңберінде іске асырылады. Сондай-ақ, мектепке дейінгі балалар ұйымдарына жіберу үшін 7 жасқа дейінгі бүлдіршіндерді кезекке қою мемлекеттік қызметін автоматтандырады. Негізгі артықшылықтары – ата-аналардың нақты уақытта порталда өтінішті тіркеу және білім бөлімі қызметкерлерінің тікелей қатысуынсыз мектепке дейінгі балалар ұйымдарына жолдама алуына болады. Бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмауға тың жол ашпақ. Жаңа жүйе 12 шілдеден бастап тәжірибелік пайдалануға берілді. Қазір Алматы облысы жалпы елімізде бірінші болып осы қызметті облыс көлемінде енгізді.
Бүгінде Жетісу өңірінде 1169 мектепке дейінгі балалар ұйымы бар. Олардың 90 пайызы толығымен «Е–ZHETYSU» порталы арқылы жұмыс істейді. Ең үлкен айырмашылықтардың бірі — енді белгілі бір балабақшаға бұрынғыдай кезек жоқ. Өтініш берушілер жас санатына сәйкес жаңа жүйе арқылы кезекке тұрады. Кезегі келген адам бос орындары бар балабақшаларды таңдайды. МДБҰ таңдаған кезде фото суреттерден және оның картадағы орналасқан жерінен көруге болады. Өтініш берушілерге осы жүйемен жұмыс істеу қолайлы болуы үшін смс хабарламалар мен электрондық поштаға хаттар түрінде түсетін хабарламалар функциясы бар. Бұл хабарламалар жұртты маңызды оқиғалар болған кезде, кезек келген кезде, хабарлама алу, жолдама алу, балабақшаларға тіркеу жұмыстарынан хабардар етеді. Енді осы жүйені жан-жақты насихаттау мен таныстыру мақсатында 20 мыңнан астам ақпараттық буклеттер басып шығарылып, білім беру бөлімдеріне, ата-аналарға таратылмақ. Тағы бір айта кетерлік жайт порталда мемлекеттік және орыс тілдерінде пайдаланушы басшылығы және бейнеролик-нұсқаулық орналастырылған.