Елімізде жоғары оқу орындарын қала сыртына көшіру ұсынылды

Фото: ЖИ/MadeniPortal.kz

ЖАҢАЛЫҚТАР
108

Құрылтай депутаты Юлия Кучинская Қазақстаның барлық қаласын тексеруді ұсынды. Оның айтуынша, тұрғындар мектеп, емхана және жол тапшылығын көріп отыр, ал шағын елді мекендерден халық пен мамандар кетіп жатыр, деп хабарлайды MadeniPortal.kz tengrinews.kz-ке сілтеме жасап. 

Қазақстанда қала халқының басым бөлігі үш мегаполисте - Астана, Алматы және Шымкентте шоғырланған. Юлия Кучинскаяның айтуынша, осындай ірі қалаларда халық саны инфрақұрылымның дамуынан әлдеқайда жылдам өсіп, жаңа тұрғын аудандарда мектеп, емхана, жол, кәріз жүйесі мен жарық жетіспей жатыр. Бұл жағдай әлеуметтік теңсіздікті күшейтіп, басқа өңірлерден көшіп келген тұрғындардың қала өміріне бейімделуін қиындатады.

"Мегаполистер дағдарысы: халық ағыны инфрақұрылымның дамуынан озып кетіп, жаңа аудандарды мектепсіз, емханасыз және демалыс аймақтарынсыз адам толы тар орамдарға айналдырып жатыр. Ретсіз салынған жеке тұрғын үй массивтерінде базалық игіліктер: жол, кәріз және жарық жоқ. Бұл әлеуметтік алшақтықты тереңдетіп, ішкі мигранттардың бейімделуіне, сондай-ақ біртұтас қала мәдениетінің қалыптасуына кедергі келтіреді", - деді Юлия Кучинская.

Қала маңындағы елді мекендерде тұрғындардың нақты саны ресми статистикадан әлдеқашан асып кеткен. Салдарынан коммуналдық желілер, автобустар мен ауруханалар шамадан тыс жүктемемен жұмыс істеп тұр. Депутаттың айтуынша, "Агломерацияларды дамыту туралы" заң әзірге нәтиже бермей отыр.

"Агломерацияларды дамыту туралы" заң күшіне енген уақыт ішінде елорда маңындағы аймақта бірде-бір бірлескен жоба жүзеге асырылған жоқ. Құрылыс жұмыс орындарын ашумен қатар жүрмейді. Тұрғылықты жердің жанында жұмыс пен қызметтің жоқтығы адамдарды күнделікті жолға бірнеше сағат жұмсауға мәжбүрлеп, өмір сүру сапасын төмендетеді", - деп толықтырды депутат. 

Қалалардағы өмірді жақсарту үшін депутат жолдар, мектептер, емханалар мен инженерлік желілер дайын болмайынша, жаңа тұрғын үй кешендеріне адам қоныстандырмауды ұсынды. Сондай-ақ ұсыныстар тізімінде әрбір қаланың инфрақұрылымдық жағдайы мен экономикалық әлеуетін тексеріп, содан кейін оларды дамыту жоспарларын жаңарту, ортақ инфрақұрылымға жұмсалатын шығындарды мегаполистер мен оларға іргелес облыстар арасында әділ бөлу, жолаушылардың нақты ағынын ескере отырып, бірыңғай "қала-қала маңы" бағыттарын құру және жүйрік электр пойыздарын іске қосу да бар. Одан бөлек мектептердің, кітапханалар мен мәдениет үйлерінің бос бөлмелерін балалар секциялары мен отбасылық демалыс үшін пайдалану, қалаларды өмір сүру сапасы, көлік қолжетімділігі мен тұрғындардың белсенділігі бойынша бағалау, сондай-ақ урбанизацияны жоспарлауға ғалымдарды тарту да қарастырылған.