«Ер Едіге – Ноғайлы дәуірінің жыры» антологиясы халықаралық байқауда үздік атанды

Жаңалықтар
893

ТМД елдері арасында «Кітап өнері» XVIII халықаралық онлайн-байқауы өтті. Онда «Ер Едіге – Ноғайлы дәуірінің жыры» музыкалық антологиясына «Мәдениеттер үндестігі» номинациясы берілді, деп хабарлайды "Мәдениет порталы".

Ақтөбеде Ноғайлы дәуірі жырларының антологиясын Халық шығармашылығы орталығы қолға алып, жоспарды іске асырды. Еліміздің әр өңірінен шыққан жыршы-жыраулардың орындауында 60 сағаттық жыр жазып алынды. Антология жарыққа шықты. Былтыр бір топ ғалым мен жыршы-жырау, фольклортанушы, өлкетанушының қатысуымен «Ер Едіге – Ноғайлы дәуірінің жыры» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп, альбомының тұсаукесері ұйымдастырылды. 

«500 данамен жарыққа шыққан «Ер Едіге – Ноғайлы дәуірінің жыры» музыкалық альбомы ұлттық музыка тарихындағы елеулі оқиға екені сөзсіз. Бұл жинақ Мәскеуде тағы бір аталды. ТМД елдері арасында өткен «Кітап өнері» XVIII халықаралық онлайн-байқауында «Мәдениеттер үндестігі» номинациясы берілді. Ең бастысы – қазақтың «Ер Едіге» жыры ешқашан өшпестей болып таспаға түсті. Музыкалық дастан екі бөліктен тұрады. Бірінші кітапта «Қырымның қырық батыры» және «Едіге батыр» туралы тарихи мәлімет, жырды бізге жеткізген жыраулар, еліміздің әр өңірінен сол мұраларды жырлаған жыршы-жыраулардың өмірбаяндары, қазақ, орыс және ағылшын тілінде берілсе, келесі кітапшаның ішінде жыр жазылған 10 диск орналасқан.

Жалпы редакциясын басқарғандар – идея авторы, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин, жобаның жетекшісі, атақты жырау, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Алмасбек Алматов, жобаның ғылыми жетекшісі, Сақтаған Бәйішев университетінің профессоры, едігетанушы Жұманазар Асан, өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай, музыкалық редакторы, «Қазақконцерт» мемлекеттік мекемесінің солисі, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері Күнсұлу Түрікпен, дыбыс режиссері Дастан Палманов, музыкалық шығармаларды өңдеген, композитор Амангелді Сәндібайұлы, музыкалық альбомды басып шығарған алматылық «Қазақ кітаптары» ЖШС директоры Орынбек Әнесов және ұлттық нақышта безендірген суретші Айбек Орынбасаров», - деді облыстық халық шығармашылығы орталығы директорының орынбасары Гүлнар Сейталина. 

Айта кетейік, қазір Ақтөбеде «Ер Едіге» жыр мектебі бар. Бүгінде 40-тан астам жас тәрбиеленушілері бар.

madeniportal.kz

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...