Ассамблея – ел бірлігін іс жүзінде орнықтыра түсетін тиімді құрылым. Бұл туралы Мемлекет басшы...
Есірткі бизнесіне қатысқан полицейлерге жазаны қатаңдату ұсынылды
Фото: gov.kz
Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен лауазымды тұлғаларға есірткі таратуға қатысқаны үшін жазаны қатаңдату ұсынылды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды madeniportal.kz.
Депутат Мәжілісте есірткі өндірушілеріне жазаны күшейтуге бағытталған маңызды заң жобасы талқыланып жатқанын жеткізді.
Жазаны өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін қатайту ұсынылды. Бұл – әділетті шешім. Депутаттар осы норманы қолдап дауыс берді. Алайда бұдан да күрделі мәселе бар: қылмыспен күресуі тиіс азаматтар өздері есірткі бизнесіне араласқан кезде не болады? Біз құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен өздерінің лауазымын, қызметтік мүмкіндіктерін және ақпаратқа қолжетімділікті пайдаланып, есірткі айналымына қатысқан өзге де лауазымды тұлғаларға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын енгізу туралы ұсыныс жасадық, – деп жазды Асхат Аймағамбетов телеграм арнасына.
Депутаттың пікірінше, егер олардың кінәсі дәлелденсе, мұндай әрекеттер ең қатаң түрде жазалануға тиіс.
Себебі бұл – азаматтардың мүддесіне жасалған сатқындық, қоғам сеніміне нұқсан келтіріп, елдің қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Мемлекет басшылығы есірткі бизнесімен және оның таралуымен күресті ымырасыз және жүйелі түрде жүргізіп жатыр. Қоғам үшін үлкен қауіп төндіріп отырған осы мәселені жоюға бағытталған есірткіге тәуелділікпен күрес жөніндегі кешенді жоспар бекітілді. Сонымен қатар, ұлттық қауіпсіздікті нығайтатын қосымша шаралар да қабылданып жатыр, – деп түйіндеді Асхат Аймағамбетов.