Былтыр Солтүстік Қазақстан облысында жасөспірімдер 14 түсік жасатқан. Жүктілікті тоқтатқандардың ара...
Фариза ақын туралы естелік кітап жарық көрді
Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Фариза Оңғарсынова туралы «Білмейсіңдер, мені әлі білмейсіңдер» атты естеліктер жинағы жарық көрді. Фариза ақынның болмыс-бітімін, сан қырлы мінезін, таным-талғамын жеткізуді көздеген кітаптың Астанада өткен таныстырылымына Атырау мен Маңғыстау облыстарынан арнайы делегация келіп қатысты.
Журналист Гүлсім Оразалықызы құрастырған кітапта ақынның замандастары мен әріптестері, жолдастары мен достарының жылы естеліктері берілген. Бұл кітап қолыңызға тисе, алғашқы парағын ашқаннан бас алмай оқып шығарыңыз анық, себебі, сіз Фариза ақынмен қайта табысасыз, қайта танысасыз, кітап кейіпкерінің ана дүниелік екенін тарс ұмытасыз. Ақынның адамдық тұлғасын, қайраткерлігін, қамқорлығын, қайсар мінезін, ешкімге ұқсамайтын дара жаратылысынан сыр тартасыз. Себебі, мұндағы естеліктер еш қоспасыз, шынайы жазылған және кімдер жазған деңіз?! Әбіш Кекілбайұлы, Әбділдә Тәжібаев, Ебіней Бөкетов, Мырзатай Жолдасбеков, Оралбай Әбдікәрімов, Серік Қирабаев бастаған естелік авторларының ұзын саны алпыстан асып жығылады. Олардың арасында Бақтықожа Ізмұхамбетов, Бердібек Сапарбаев, Қырымбек Көшербаев сынды билік тізгінін ұстағандар да бар. Ақын-жазушы бауырлары, кезінде ақыннан сұхбат алып, сырласындай болып кеткен сіңілілерінің де естеліктері бар.
Естеліктер жинағындағы материалдардың бір легі ақынның көзі тірісінде басылым беттерінде жарық көрген, енді бірі ақын бақилық болған соң жазылған қимас сезімге толы дүниелер. Сол естеліктерді салыстырғанда, ақын болмысының қалпынан еш танбағанына таңғаласыз, тәнті боласыз. Әр естелік ақынның әр қырын танытуға тырысады. Мысалы, кезінде Парламент депутаты болған Қоғам қайраткері Қаратай Тұрысовтың жары Әскеркүл Тұрысованың естелігі аға алдындағы ибалы қарындастың портретін әкеледі.
«Қанша жерден Фариза мінезді дегенмен, Қарекеңе қарсы тұрып көрген емес. «Қарағым, қой енді» десе болды, ағасының айтқанына көне қоятын. Бірде Факең Мәжіліс мәслихатын неге қазақша өткізбейміз, депутаттар қазақша сөйлемейді… деп сөз қозғайды. Бір депутат «Фариза апай, қазақша сөйлемейтіндердің атын атап, түсін түстеңіз» деп, тықылдап қоймайды. Сонда Факең «Қаратай ағадан бастап сөйлемейді!» деп қойып қалады ғой. Қарекең оған үндемей, мырс етіп күліп отыра береді. Ертеңіне Мәжілістің үстінде «Фариза, қарындасым, мына сөздің қазақшасы қалай болады?» деп бір терминнің аудармасын сұрайды. Факең үндемей отырып қалады. «Міне, қарындасым, Мәжілістің орысша өтуінің бір себебі – осы. Экономикалық терминдерді қазақшалаңыздар, сосын сөйлейміз» дейді. «Қаратай ағам мені мақтамен бауыздады… Бетімді ақырын ғана қайтарып тастады» деп есіне алып күліп жүретін қарындасы. Бұл үшін екеуі де бір-біріне реніш білдірген емес, іштей түсінді, түсіністі» дейді Ә.Тұрысова.
«Әр кез үйге келгенде анам Бибіжанмен ұзақ-ұзақ әңгімелесіп, өткен өмірін, сол уақыттың оқиғаларын сұрап, кейбір жайттарды тәптіштеп сұрап, нақтылап жататын. Сөйтсем, бұл әрекетінде мән бар екен. Оны «Егемен Қазақстан» газетіне мен туралы «Даладай дархан адам» деген мақала шыққан күні бір-ақ түсіндім. Анам Бибіжанның айтқан әңгімелерін әдемі етіп өріп, шындық шеңберінен шықпай баяндаған. Маған «Сен туралы мақала жазайын деп едім» деп айтқан да, сұхбат алған да емес. Бір жолы «Факе, біз туралы қашан жазасыз?» деп бір азамат әзіл-шынын араластырып ниет білдіріп еді, ала көзімен атып, «Сен жазуға тұрмайсың!» деп қағып тастады. Дастарқан басында қызмет етіп жүрген қыз-келіншектерге де «бауырсақтарың ыстық емес, шайларың суып қалған…» деп сынады. Таңғалғаным, солардың бірде-бірі Факеңе ашуланып, жауап қайтармайды… Факең келе жатыр десе болды, бәрі етек-жеңдерін жинап, шаштарын тарап, жағаларын жөндеп, бойларын тіктеп тұра қалатын, қашанда да, қай жерде де, оның мысы басып тұратын», деген Оралбай Әбдікәрімовтің естелігі де езуімізге күлкі үйіреді.
«Қазақстан» баспасынан жарық көрген кітаптың алғысөзін жазған Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетов Фариза Оңғарсынқызының қоғамды жори білген, адамды тани білген ерекше бір қасиетіне тоқталыпты. «Ол – аналық абзалдығы мен өзіне ғана тән абыздығы. Бұл жалғыз менің емес, қайраткер Фаризаның ортасы бір, ойы биік замандастары мен өн бойында өр рухтың жарқылы бар армандастарының бағасы. Ол да болса, апамыздың арынды жырларымен, ақыл-ойларымен рухымызды дүр сілкіндірген ақындық қолы мен азаматтық жолының жемісі» дейді.
Сиясы кеппеген кітап көпшілікке тарап үлгерген жоқ, десе де таныстыру шарасының тізгінін қолға алған Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов естеліктері жинағын жоғары бағалады.
«Бұл кітаптың ерекшелігі, құрастырушы Гүлсім Оразалықызының кітап кілтін дәл тапқанында. Бұл кітап тұтастай дерлік адам Фаризаны ашуға арналады. Сонысымен де бұл кітап Фаризатануда өз орнын табады деп сенемін» деді.
Ал кітаптың құрастырушысы Гүлсім Оразалықызы «Фариза – сан қырлы асыл тас секілді, мың құбылған асыл тастың ар жағында не жатқанын түсініп білу мүмкін емес. Болашақта Фаризаның ақындығы, адамдығы жайлы кітаптар жазыла жатар, ол сөзсіз, ал бүгінгі естеліктер жинағы сол кітаптарға қосымша болуға татыса, біздің мақсаттың орындалғаны» дейді.
Түп нұсқадағы тақырыбы: ФАРИЗА САН ҚЫРЛЫ АСЫЛ ТАС СЕКІЛДІ