Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық xалық аспаптар оркестрінің концерттік залында Жаст...
Кәкен Қамзин қартайған шағында жалғыз үйінен айрылмақ
Фото: ашық дереккөзден
Алаяқтарға алданып қалған Кәкен Қамзин қартайған шағында жалғыз үйінен айрылмақ, деп хабарлайды MADENIPORTAL.KZ.
Филология ғылымдарының докторы Кәкен Хамзинді алаяқтар торына түсіріпті. Бұл туралы Айбар Олжаев әлеуметтік желідегі парақшасында жазып, бұл мәселені шешу үшін резонанс тудыру қажет екендігін айтқан.
“Алаяқтар ардагер журналист, профессордың сенгіштігін пайдаланып кинодағыдай әрекет еткен. Алдымен Энергосбыт адамдары ретінде хабарласып, мекен-жайы, ЖСН, пәтері туралы ақпаратты біліп алған. Артынан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің атын жамылып хабарласып, біреулердің үйін тартып алайын деп тұрғанын айтып, тез үйін сатуға көндіріп, ал ақшаны Ұлттық банктің арнайы шотында сақтайсыз деп алдаған. Профессор нотариус арқылы үйін сатып, ақшаны алаяқтар жіберген курьерге бере салған.
Қазір Алматы қаласы Әуезов аудандық полиция департаментінде қылмыстық іс қозғалды. Алматы қаласының Полиция департаменті осы резонансты іске барынша жұмылуды сұраймын. Ішкі істер министрі, құрметті Ержан Саденов осы істі жеке бақылауға алсаңыз нұр үстіне нұр болар еді”.
Сонымен қатар, Айбар Олжаев үйді сату мәселесін заңсыз деп тану үшін адвокаттардың көмегі қажеттігін де айтып өткен.
“Сот арқылы үйді сату мәмілесін заңсыз деп тану үшін адвокаттардың көмегі керек. Сыйлайтын ағамыз Абзал Құспан кәсіби кеңес берсе үлкен көмек болады.
Парламент депутаттары, профессор шәкірттері Жанарбек Әшімжан Нартай Сарсенгалиев Мақсат Толықбай , арда журналист Ермурат Бапи осы істі назарға алып, үлкен резонанс туғызса профессорды қорғай аламыз”.
Журналистің айтуынша, Кәкен Хамзиннің үйін сатып алғандар келіп, қоқан-лоққы да көрсетіп үлгеріпті.
“Дәл қазір Кәкен Қамзин жалғыз, үйінде баррикада құрып бекініп жатыр. Пәтерді сатып алғандар кешке, түнде келіп қоқан-лоққы көрсетуде. Іс насырға шауып барады”.