Отырыс 15 наурызға жоспарланған.«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық...
Көпбалалы отбасы екінші рет көшеде қалды
Фотосурет stan.kz сайтынан алынды
Ақтөбеде көпбалалы отбасы өрт салдарынан екінші рет көшеде қалды. Осыдан екі жыл бұрын бес баласы бар ерлі-зайыптының үйі өртеніп, шығынға ұшыраған еді, деп жазады madeniportal.kz тілшісі stan.kz сілтеме жасап.
Бұл жолы ғимаратты біреу әдейі өртеп жіберген деген болжам бар. Полицейлер де бұл нұсқаны жоққа шығармады. Үйі өртке оранған көпбалалы әйел кең, әрі жаңа үйінен бес кішкентай баласымен бірге ескі лашыққа көшті.
"7 маусым күні таңертең жолдасыммен бірге жұмысқа кеттік. Балалар қайын жұртта қалды. Шамамен сағат 14.00-де көрші әйел телефон соғып, үйде өрт болып жатқанын хабарлады. Бәрі өртеніп кетті. Тіпті ағаш арқалықтар да аман қалмады. Ештеңе қалмады. Барлығы қоқыс пен күлге айналды. Үстіміздегі киіммен қалдық. Жарайды, ешкім зардап шекпеді. Алғашында балалар өртеніп жатқан үйде қалды ма деп қорықтым. Себебі олар сол сәтте туыстардың үйінен кетіп қалған екен", – деді әйел.
Бұл отбасы екі жыл бұрын дәл осындай оқиғаға тап болған. Ол кезде өрттің шығуына электр тоғының қысқа тұйықталуы себеп болған.
“Өрт сөндірушілер бұл жолы газ да, электр сымдары да қалыпты екенін айтты. Менің ойымша, мұны біреу әдейі істеген. Полицияға арыз жаздым. Біз олардан 10 күннен бері жаңалық күтіп отырмыз. Содан прокуратураға жазуға тура келді. Бізде бір куәгер бар, ол өрттен жарты сағат бұрын үйіміздің жанында бір адамды көргенін айтады. Болған оқиғаға сол адамның қатысы бар деп ойлаймыз”, – деді үй иесі.
Өрттің неден шыққаны қазір сотқа дейінгі тергеу аясында анықталып жатыр. Полицейлер көпбалалы отбасының үйін әлдебір қаскөйлер қиратуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
"Аталмыш факті бойынша Қазақстанның Қылмыстық кодексінің 202-бабы (Өрт қою арқылы бөтеннің мүлкін қасақана жою) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта жедел-іздестіру шараларының барлық кешені жүргізіліп жатыр. Өрттің себебі мен келтірілген залалды анықтау үшін бірқатар қажетті сот-медициналық сараптамалар, яғни өрт-техникалық, құрылыс сараптамалары тағайындалды”, – делінген полиция хабарламасында.
Өрттен зардап шеккендер бес баланы тәрбиелеп отырғандықтан, оларға жалдамалы баспана табу қиынға соғып жүр. Өрт құрбандары қайтадан еріктілер мен қамқор адамдарға үміт артады. Олар бұл жолы қарапайым халық қиындықта қалдырмайды деп үміттеніп отыр.