Солтүстік Қазақстан облысында екі мұғалім мектеп ғимаратының фойесіне бұрыш спрейін шашқан, деп хаба...
Мәдениет саласында мемлекеттік стипендия иегерлері анықталды
Фото: Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға арналған мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендияны тағайындау туралы өкімге қол қойды, деп хабарлады MadeniPortal.kz.
Құжатқа сәйкес, бұл мемлекеттік қолдау отандық әдебиет пен өнердің дамуына айрықша үлес қосқан көрнекті мәдениет қайраткерлеріне беріліп отыр. Стипендия шығармашылық зиялы қауым өкілдерінің көпжылдық еңбегін бағалап, олардың кәсіби қызметін әрі қарай жалғастыруына ынталандыруды көздейді.
Мемлекеттік стипендия Қазақстанның мәдени мұрасын сақтау, ұлттық өнер мен әдебиетті дамыту, сондай-ақ рухани құндылықтарды кеңінен насихаттау мақсатында тағайындалады. Бұл бастама мәдениет саласындағы тәжірибелі тұлғаларға ғана емес, жалпы шығармашылық ортаның әлеуетін арттыруға бағытталған.
Стипендия иегерлерінің қатарында қазақ әдебиеті мен өнерінің көрнекті өкілдері бар. Олардың арасында ақын Олжас Сүлейменов, сәулетші Жандарбек Мәлібекұлы, ғалым әрі қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, әлемге танымал опера әншісі Бибігүл Төлегенова, сондай-ақ театр және кино актері Тұңғышбай Жаманқұлов сынды елге белгілі тұлғалар аталады. Сонымен бірге әдебиет, театр, кино, музыка және өзге де өнер салаларында еңбек етіп жүрген бірқатар қайраткерлер мемлекеттік стипендияға ие болды.