Қасым-Жомарт Тоқаев шейх Мишааль әл-Ахмад әл-Джабер ас-Сабах пен оның отандастарын Кувейт Мемлекетін...
Мәслихат сайлауы – 2026: Дос Әбсадық саналы таңдау жасаудың маңызын атап өтті
Фото: MadeniPortal.kz
Бүгін елімізде мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтіп жатыр, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Таңғы 07:00-де республика бойынша 10 338 сайлау учаскесі өз есігін айқара ашып, дауыс беру науқаны басталды.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, бүгінгі сайлауда барлық деңгейдегі — облыстық, қалалық және аудандық — 228 мәслихатқа 3 447 депутаттық мандат бөліске салынады. Осы мандаттарға 10 971 кандидат тіркелген: олардың 1 219-ы партиялық тізім бойынша, ал 9 752-сі бірмандатты сайлау округтері бойынша бақ сынап жатыр. Атап өтерлігі, 24 қыркүйекте өткен Халық кеңесінің бірінші сессиясында Мемлекет басшысы мәслихаттарға кезектен тыс сайлау өткізу туралы бастама көтеріп, 12 қазанда тиісті жарлыққа қол қойған болатын, ал 29 қараша дауыс беру күні болып белгіленді.
Астанадағы сайлау учаскелерінің біріне келіп, өз таңдауын жасаған белгілі қазақстандық әнші, Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның эстрадалық вокал бөлімінің көркемдік жетекшісі Дос Әбсадық MadeniPortal.kz тілшісіне сұхбат беріп, сайлаудың маңызы мен азаматтық жауапкершілік туралы ойын бөлісті.
«Мәслихат депутаттарын сайлау ертеңгі болашағымызға тікелей әсер етеді деп ойлаймын — бұл біріншіден. Екіншіден, Астананың бұрыннан келе жатқан тұрғыны ретінде айтарым: қаладағы көптеген мәселе мәслихат арқылы шешіледі, өйткені оның бюджеті мен өзге де мүмкіндіктері бар. Сондықтан халыққа жасалып жатқан жағдай мен мемлекеттің қолдауы айтарлықтай зор. Мәселен, қаланың тазалығы, балаларға жасалған жағдай, әр аула мен ауданда атқарылып жатқан жұмыстар өте маңызды. Ал әнші ретінде айтсам, біз қаладағы ірі іс-шараларға белсенді қатысамыз. Осындай шаралар өткенде өнер көрсетіп, ән айтамыз, өйткені мұның бәрі халық игілігі үшін жасалады. Астана қаласының Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониясының әншісі ретінде бұл бастамалардың біздің өнер ордамызға да оң ықпалын тигізетініне сенемін — мейлі ол ішкі-сыртқы жағдай болсын, мейлі жөндеу жұмыстары болсын. Көзбен көргенге не жетсін: былтырғы жағдай мен биылғы өзгерістер, жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары айқын көрініп тұр. Осының барлығы ортақ іске өз үлесін қосады деп сенемін», - деді ол.
Өнер иесінің айтуынша, елорданың келбеті мен мәдени өмірінің жаңаруы тікелей жергілікті басқару мен ортақ іске жұмылған еңбектің нәтижесі. Сондықтан әр тұрғын сайлауға саналы түрде, бағдарламаларды саралап барып қатысуы тиіс.
«Үміткерлердің бағдарламаларымен таныстым. Шамамен жетідей партия бар екен, солардың ішіндегі үміткерлерді оқып шықтым. Меніңше, дауыс берер кезде әр адамда ең болмағанда бастапқы ақпарат болуы керек. Сайлау күні келіп, сол жерде асығыс оқып шыққаннан гөрі, нақты айтқанда, сайлаудан бір күн бұрын бағдарламаларды оқып, өз ойыңды түйіндеп, содан кейін барып дауыс берген дұрыс деп санаймын. Қазір интернет жүйесі дамыған заманда ақпарат мол — кез келген азамат үміткерлер туралы толық мәлімет ала алады. Сондықтан мен де сайлаудан бір күн бұрын барлығын жақсылап оқып, ой елегінен өткізіп, таразыға салдым да, өз дауысымды бердім», - деді әнші.
Айта кетейік, бүгінгі сайлау аясында еліміздің әр өңіріндегі сайлаушылар өз аймағының әлеуметтік-экономикалық дамуына, инфрақұрылым мен мәдениет саласының өркендеуіне бағытталған шешімдер қабылдайтын өкілдерді таңдап жатыр.