Израиль үкіметі Хамаспен Газа секторында атысты тоқтату және израильдік кепілге алынғандарды босату...
Мәжіліс депутаты Қазақстанда тағы бір тілге заңды мәртебе беруді ұсынды
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі
Мәжіліс депутаты Екатерина Смолякова Қазақстанда ымдау тілін толыққанды қарым-қатынас тілі ретінде заң жүзінде тануды ұсынды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Смолякова премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында жыл сайын елімізде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтары бұзылуына байланысты құқық қорғау органдарына 45 мыңнан астам өтініш түсетінін атап өтті.
“Бүгінде елімізде есту және сөйлеу қабілеті бұзылған 30 мыңнан астам адам бар. Оның 5 мыңға жуығы – балалар. Олар үшін ымдау тілі – жай қарым-қатынас құралы емес, олардың әлеммен байланысы. Бұл – олардың тілі. Бірақ парадокс мынада: Қазақстанда ымдау тілі әлі күнге дейін заңнамалық деңгейде мойындалмаған”, – делінген депутаттық сауалда.
Депутат осының салдарынан мыңдаған азамат ақпаратқа, білімге, жұмыс істеуге, мемлекеттік қызметтерге толық қол жеткізе алмай отырғанын айтады.
Сондай-ақ депутат ымдау тілі саласындағы кадр тапшылығы мәселесіне де ерекше назар аударды. Депутаттың айтуынша, елімізде есту және сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға сабақ беретін сурдопедагогтардың саны небәрі 221 маман ғана. Бұл мамандарды елімізде тек 4 жоғары оқу орны дайындайды. Ал осы мамандықта оқып жатқан студенттер саны – бар болғаны 35 адам.
“Келесі мәселе. Қазір есту қабілеті бұзылған азаматтарға жылына тек 60-ақ сағат сурдоаударма қызметі беріледі. Бұл бір жылға жетпейді. Тіпті күнделікті өмірге де жетпейді. Ауруханаға бару бар. Мемлекеттік қызмет алу бар. Оқу. Жұмыс. Қоғамдық өмір бар. Ал біз бір жылға 60 сағатпен шектеп отырмыз”, – деді депутат.
Депутат Смолякова Үкіметтен ымдау тілін толыққанды қарым-қатынас тілі ретінде заңнамалық деңгейде тануды, оны білім беру, медицина, сот, мемлекеттік қызмет көрсету және бұқаралық ақпарат құралдарында қолдануға кепілдік беруді талап етті. Сондай-ақ ол сурдоаударма қызметіне қойылған шектеуді қайта қарауды, сурдоаудармасы мен субтитрі бар контент көлемін арттыруды және сурдопедагогтарды даярлау аясын кеңейтуді ұсынды.
“Есту қабілеті бұзылған азаматтарға тең мүмкіндік беру – бұл қайырымдылық емес. Бұл – әділетті мемлекеттің белгісі. Барлығы дауыспен сөйлемеуі мүмкін. Бірақ әр адамның естілуге құқығы бар”, – дейді депутат.