«Фолиант» баспасынан Стивен Кингтің «Сол» туындысы «Үздік шетел әдебие...
Мектеп партасынан мешітке дейін: Алматы діни радикализмге қарсы жүйені қалай құрып жатыр?
Фото: MadeniPortal.kz
Екі миллионнан астам тұрғыны, жүзден аса тіркелген діни бірлестігі мен ондаған конфессиясы бар Алматы – еліміздегі ең көп ұлтты әрі көп конфессиялы мегаполис. Алайда осындай бай әралуандық қаланы деструктивті діни ағымдар үшін де басты нысанаға айналдыратыны жасырын емес. Үлкен халық саны, жастардың шоғырлануы, жоғары интернет-белсенділік және аймақаралық көші-қон ағыны радикализм тәуекелдерін арттыра түседі, деп жазады MadeniPortal.kz.
Соңғы жылдары бұл қатерге қарсы мектеп партасынан бастап реабилитация орталықтарына дейін қамтитын тұтас превентивті тізбек қалыптасып келеді. Бұл жүйе қалай жұмыс істейді және қандай тұстары әлі де пысықтауды қажет етеді?
Нормативтік-құқықтық негіз және алдын алу тетіктері
Алматыдағы діни экстремизм мен терроризмге қарсы жұмыстың құқықтық іргетасы жыл сайын жаңарып, жүйелі сипат алуда. Егер бұрын бұл бағыт жекелеген тұжырымдамалар мен бағдарламалар аясында жүргізілсе, қазіргі таңда оқу орындарындағы профилактикалық 2024-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарлар арқылы жүйелі түрде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Қала деңгейінде бұл процеске Алматы қаласы әкімдігінің Дін істері жөніндегі басқармасы, Ішкі саясат басқармасы және арнайы Ақпараттық-түсіндіру топтары (АТТ) тікелей жауапты. Олардың басты мақсаты – зайырлылық қағидаттарын нығайту, дәстүрлі құндылықтарды дәріптеу және жастар арасында деструктивті идеологияға қарсы мықты иммунитет қалыптастыру.
Реабилитация орталығының жұмысы мен нақты нәтижелері
Алматыдағы Дін істері жөніндегі басқармасы жанынан құрылған Кеңес беру және реабилитация орталығы 2016 жылдан бері өз тиімділігін көрсетіп келеді. Ресми деректерге сүйенсек, тек бір жылдың өзінде бұл орталық арқылы жүздеген адам жүгініп, тиісті кеңес алып дұрыс бағытта бағдар түзеген.
Сонымен қатар, халықаралық «Жусан» операциясы аясында елге оралған азаматтарды бейімдеу, жұмыспен қамту және балаларын оқу құралдарымен қамтамасыз ету жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуде. Бұдан бөлек, интернет кеңістігіндегі жат діни ағымдық контентке қарсы күрес күшейтіліп, заңсыз материалдар таратқан мыңға жуық әлеуметтік желі аккаунттары мен парақшалар бұғатталды.
Мектептердегі ағарту жұмысы
2026 жылы бұл жұмыс білім беру мекемелеріне де белсенді түрде тарады. 30 наурызда Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық арнайы музыкалық мектеп-интернатта экстремизм мен терроризмнің алдын алуға арналған дәріс өтіп, оған 250 адам қатысты – мақсат жастардың радикалды идеялар мен интернеттегі қауіпті контентке сыни көзқараспен қарауын қалыптастыру болды. Маусым айында №223 мектепте шамамен жүз оқушы қатысқан кездесу ұйымдастырылып, онда құқықтық сауаттылық және ақпарат ағынында адасып қалмау тақырыбы талқыланды. Мемлекеттік қызметшілердің құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында Алматы қалалық сотында «Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу» атты арнайы оқыту семинары да өткізілді.
«Радикализм мен экстремизм – кез келген діннің шеткі ағымдары. Кейбір БАҚ жазғандай, бұл құбылыс исламға ғана тән емес, ол барлық дінде кездеседі. Дінді желеу еткен қылмыскерлердің шын мәнінде дінге, атап айтқанда исламға, ешқандай қатысы жоқ – өйткені ислам зорлыққа шақырмайды, кісі өлтіруге үндемейді», - дейді Гүлнар Джуманова, дінтанушы, философия ғылымдарының докторы, Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының «Ақпараттық-түсіндіру тобының» мүшесі.
Мешітке дейінгі жол: отбасы мен бейресми білім мәселесі:
Мәселенің өзектілігі тек мектеп қабырғасымен шектелмейді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) «Имани жаз» сияқты ресми діни сауаттылық курстарынан жыл сайын мыңдаған бала өтеді. Алайда бұл ресми статистика ғана. Ал ресми тіркеуден тыс қалған «үйірме», «пансионат»,«қайырымдылық қоры» атаулы орталықтардағы балалар саны есепке алынбайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұл тақырыпқа жылдағы республикалық педагогтер съезінде тоқталып, мектептің қызметі мен отбасылық таңдаудың арасындағы шекараны нақты белгілеп берген болатын.
«Мектеп – бұл, ең алдымен, білім алуға келетін оқу орны екенін әрдайым есте ұстаған жөн. Ал діни наным-сенім – әрбір азаматтың жеке таңдауы әрі жеке ісі. Менің ойымша, бала есейіп, өз дүниетанымы қалыптасқаннан кейін өз таңдауын жасаса, дұрыс болар еді»
Публицист, тілтанушы Дастан Ельдесовтің пікірінше, ата-ананың келісімінсіз немесе мемлекеттік тіркеуден тыс жұмыс істейтін күмәнді лагерьлер мен пансионаттардың жолын кесу – жергілікті билік пен құқық қорғау органдарының басты міндеті. Алматыда бұл бағытта нақты қадамдар жасалып, заңсыз жұмыс істеген ұйымдардың тіркеуі сот арқылы жойылған болатын.
Алматы контексінде бұл ескерту символдық емес. Дәл осы қалада соңғы екі жылда сот «Жібек жолы» қайырымдылық мекемелер қауымдастығына қарасты 26 ұйымның тіркеуін жойды. Демек, мектептегі ағарту жұмысы қаншалықты жүйелі болса да, ол ата-ана мен жергілікті биліктің қырағылығынсыз толық нәтиже бермейді.
Қолға алынған ауқымды жұмыстарға қарамастан, әлі де назар аударуды қажет ететін тұстар бар. Ресми тіркелген мешіттер мен медреселердің қызметі ашық болғанымен, кейбір «қайырымдылық қорлары» немесе «жабық үйірмелер» ресми бақылаудан тыс қалып жатады. Сондай-ақ ақпараттық-түсіндіру топтарының жұмысында тұрақты қаржыландыру мен штабтың әлеуетін арттыру мәселелері маңызды. Ата-аналардың құқықтық сауаттылығын көтеру және балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, бұл қатердің алдын алудың ең басты тетігі.