Ақтөбеде дәмханадағы әжетханаға кірген қызға ер адам шабуыл жасап, зорламақ болды. Қыздың жан даусын...
Мешіт, шіркеу, синагога көршілес: Алматының дінаралық үйлесімділік құпиясы
Фото: MadeniPortal ЖИ
Алматының кез келген ықшамауданында жүріп өтсеңіз, бірнеше шақырым аралығында зәулім мешітті, православ шіркеуін, католик приходын, синагоганы немесе будда ғибадатханасын көре аласыз. Бұл кездейсоқтық емес, қаланың жүз елу жылдан астам тарихында қалыптасқан діни әралуандықтың табиғи көрінісі. Ал бүгінде осы әралуандықты сақтап, оны шиеленіске емес, өзара келісімге қызмет ететін басты ресурсқа айналдыру, мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып отыр, деп хабарлады MadeniPortal.kz.
Тарихи қабат: Ғасырлар тоғыстырған мекен
Алматының діни сәулет өнері мен тарихы қаланың шежіресімен тығыз байланысты. Қаланың ең көне мешіті — Татар слободасында 1860-жылдары салынған «Фатима» мешіті болса, алғашында ағаштан тұрғызылған ғимарат кейін кірпіштен қайта салынды. Ал 1993–1999 жылдары бой көтерген Орталық мешіт жеті мың адамға есептелген республикадағы ең ірі діни орталықтардың бірі болып табылады. Оның кедр ағашынан жасалып, күміс пен сүйекпен апталған қазақы өрнекті минбарын жиырма шебер үш ай бойы жасаған.
Христиан дәстүрі де қала тарихымен бірге жасасып келеді. 1858 жылы Верный бекінісінде алғашқы шіркеу тұрғызылса, қазіргі Свято-Вознесенск кафедралды соборының биіктігі 54 метрді құрайды және ол әлемдегі ағаштан салынған ең биік православ храмдарының бірі саналады. Ал Иверск-Серафим әйелдер монастырь құрамындағы Софиялық собор — қазіргі Қазақстандағы жалғыз әйелдер монастыры. Католик приходы 1975 жылдан бастап ресми тіркелсе, неміс, поляк және украин қоныс аударушылары арасында бұл дәстүр одан ертерек қалыптасқан. Иудаизм тарихы қаланың негізі қаланған кезден басталып, 1884 жылы Қазақстандағы алғашқы синагога дәл осы Алматыда салынған. Қазіргі жұмыс істеп тұрған «Менахем үйі. Хабад Любавич» орталығы елдегі жеті филиалды басқарады.
Бүгінгі цифрлар
Алматы қаласы Дін істері басқармасының деректері бойынша, мегаполисте 17 конфессияны білдіретін 181 діни бірлестік тіркеліп, тұрғындар мен қала қонақтарына 139 ғибадат мекемесі қызмет көрсетеді.
Жалпы ел ауқымында 2024 жылғы мәліметтер бойынша 3980 діни бірлестік тіркелген (салыстыру үшін: 2020 жылы бұл көрсеткіш 3818 болған). Олар 18 конфессияны қамтиды: 2832-сі — исламдық, 347-сі —православиелік, 93-і — католиктік, 593-і — протестанттық (оның ішінде пятидесятниктер — 223, баптистер —196, пресвитериандар — 104, жетінші күн адвентистері — 41, лютераны — 14, методистер — 11, меннониттер —4) тағыда басқа діни бірлестіктер. Жаһандық бейбітшілік индексі (Global Peace Index) бойынша 2024 жылы Қазақстан 163 елдің ішінде 59-орынға ие болып, елдегі салыстырмалы тұрақтылық пен бейбіт ахуалды паш етті.
Институционалдық тетіктер және білім беру жүйесі
Конфессияаралық келісімді нығайту бағытында маңызды институционалдық тетіктер жұмыс істейді. 2003 жылдан бері тұрақты өтіп келе жатқан Дүниежүзілік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі экстремизм көріністерінің алдын алуға зор үлес қосады. Бұл жиынға әр жылдары Рим Папасы Франциск, Әл-Азһар шейхі Ахмед ат-Тайиб, Патриарх Кирилл сынды әлемдік дін көшбасшылары қатысқан. Мектептерде енгізілген «Жаһандық құзыреттіліктер» пәнінің 9-сыныпқа арналған «Зайырлылық және дінтану негіздері» бөлімі жастарға зайырлы мемлекет пен діни келісімнің маңызын түсіндіреді.
Елдегі 14 діни оқу орнының 4-уі алматы қаласында («Нұр-Мүбарак» университеті, Абу Ханифа медресе-колледжі, ҚМДБ жанындағы имамдардың біліктілігін арттыру институты және христиандық бағытта, Алматы православие діни семинариясы).
Күнделікті деңгейдегі келісім мен «қазақстандық ислам» синтезі
Дінаралық келісімнің «тірі» көрінісі күнделікті өмірде де айқын байқалады. Қазақстанда Құрбан айт пен православтық Рождество ресми мереке күндері ретінде атап өтіледі. Алматы көшелерінде мереке күндері түрлі конфессия өкілдерінің қатар жүруі, тұрғындардың күнделікті тәжірибесінің ажырамас бөлігі.
Халықаралық конфессияаралық және дінаралық диалог орталығы басқарма төрағасының орынбасары, дінтанушы Татьяна Липина «Қазақстандық ислам» мен жергілікті тарихи синтездің маңызына тоқталып, бұл үдерістің мәнін мынадай сөздермен ашады:
«Қазақстан аумағында ислам негізінен сопылық түрде таралып, тәңіршілдік, шаманизм, зороастризм, христиан және будда дәстүрлерімен үйлесімді астасып отырды. Дәл осы жол арқылы Қазақстанда өзіндік исламдық дәстүр қалыптасты.»
Сарапшының пікірінше, дәл осы тарихи ерекшелік пен жергілікті мәдени контекстпен біте қайнасу —Алматыдай көпұлтты әрі көпконфессиялы қалада шиеленістің төмен деңгейде сақталуының басты алғышарты болып табылады. Алматының академиялық әлеуеті (Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) мен міндетті дінтанулық сараптамадан өтетін оқу материалдары радикалды көзқарастардың таралуына тосқауыл қояды. 2026 жылғы конституциялық реформалар аясында бұл бағыттағы жұмыстарды үйлестіру жаңадан құрылған Қазақстан Халық Кеңесінің құзыретіне өтеді.
Алматының дінаралық үйлесімділігі — ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи қабат пен салиқалы саясаттың нәтижесі. Бұл тепе-теңдік тұрақты ағарту жұмыстарын, ашық диалог пен жаңа институционалдық форматтардың тиімді жұмыс істеуін талап етеді.