Тоқаев пен Путин Қазақстан мен Ресей арасындағы Достық аллеясында ағаш отырғызды. Бұл туралы Кремль...
Павлодарда тротуар опырылып, ер адам қайнаған суға түсіп кетті
Фото: видеодан скриншот
Павлодар қаласында ер адам төрт жасар баламен бірге көшеде келе жатқанда, аяқ астындағы тротуар опырылып, қайнаған суға құлап кеткен, деп хабарлайды MadeniPortal.kz stan.kz-ке сілтеме жасап.
Ер адам денесінің тізеден жоғары бөлігі күйіп, екінші дәрежелі күйік алған. Оқиға туралы оның әпкесі әлеуметтік желіде жазды.
"Бүгін Дүйсенов, 10 мекенжайында ағам төрт жасар баламен бірге жай ғана тротуар бойымен келе жатқан. Бір сәтте жер опырылып, ол қайнаған суға түсіп кетті. Бұл ашық люк те, құрылыс алаңы да, апатты учаске де емес. Күн сайын адамдар жүретін кәдімгі жол. Соның салдарынан ағам тізеден жоғары екінші дәрежелі күйік алды", – дейді әйел.
Оның айтуынша, егер бірінші болып баласы қадам басқанда, жағдай әлдеқайда ауыр болуы мүмкін еді.
"Қаланың қақ ортасында адам кәдімгі тротуарда келе жатып, қалайша жердің астына түсіп кетуі мүмкін? Коммуналдық қызметтердің бақылауы қайда? Тұрғындардың қауіпсіздігі кімнің жауапкершілігінде?" – деп жазды ол.
Зардап шеккен ер адамның әпкесі оқиғаға байланысты тексеру жүргізіп, кінәлілерді анықтап, жауапкершілікке тартуды талап етті.
Ал "Павлодар жылу желілері" ЖШС бұл учаскеде жылу желісінде ақау болғанын хабарлады. Компания өкілдері тиісті шаралар қабылданатынын мәлімдеді.