Президент Кореяға Қазақстанның сирек металдарын бірлесіп игеруді ұсынды

Ақорда

ЖАҢАЛЫҚТАР
97

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Кореямен стратегиялық маңызы бар минералдар мен сирек кездесетін металдар саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді ұсынды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы корей компанияларын Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға шақырды, деп хабарлайды  MadeniPortal.kz  Ақордаға сілтеме жасап.

Президент Қазақстанның минералдық ресурстарға бай екенін атап өтті. Оның айтуынша, еліміз Корея үкіметі стратегиялық басымдыққа ие ресурстар деп таныған мыс, хром, титан және басқа да элементтерді өндіреді.

«Кореяның озық технологияны өркендетуде мол тәжірибесі бар. Осыны ескеріп, геологиялық барлау, кен игеру, аса маңызды материалдарды терең өңдеуге қатысты толық циклді инвестициялық жобалардың тізімін жасақтауды ұсынамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы көлік-логистика саласындағы ынтымақтастыққа да ерекше назар аударды.

Оның айтуынша, Транскаспий халықаралық көлік бағыты Еуразияның көлік жүйесін нығайтуда маңызды рөл атқарады. Президент келтірген мәліметке сәйкес, өткен жылы Орта дәліз бойымен контейнерлік тасымал көлемі 36 пайызға артқан. Ал биылғы сегіз айда өсім шамамен 18 пайызды құраған.

Қазақстан алдағы екі жылда аталған бағыттың өткізу қабілетін 6 миллион тоннадан 10 миллион тоннаға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр.

«Корей компаниялары осы бағыт бойындағы инфрақұрылымдық жобаларды ілгерілетуге атсалыса алады. Қазақстан Үкіметі корей серіктестерімізге арналған инвестициялық жобалар портфелін жасақтауда», – деді Президент.

Осылайша, Қазақстан Кореямен ынтымақтастықты шикізат өндірумен шектемей, оны терең өңдеу, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және халықаралық көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында кеңейтуді ұсынып отыр.

ЖАҢАЛЫҚТАР

Қазақстанда TikTok-та тікелей эфир кезінде боғауыз сөздер айтқан екі адам әкімшілік жауапкершілікке...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Бүлдіршіннің анасы қызынан қанды бөлініс және жағымсыз иіс байқап, дәрігерлерге жүгінген, деп хабарл...