«Қайыршыдан неге ақша сұраймын?»: Садыр Жапаров Мұхтар Әблязов туралы күтпеген мәлімдеме жасады

ашық дереккөз

ЖАҢАЛЫҚТАР
187

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Мұхтар Әблязовтың Қазақстандағы билікті ауыстыру үшін өзінен көмек сұрағанын мәлімдеді. Ол 2020 жылы Әблязовпен телефон арқылы сөйлескенін және оның ұсынысын қабылдамағанын айтты, деп хабарлайды MadeniPortal.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Садыр Жапаровтың айтуынша, әңгіме 2020 жылдың қазан айында Қырғызстандағы саяси оқиғалар кезінде болған. Телефон тұтқасын оған бұрынғы серіктесі Мелис Аспеков берген.

Қырғызстан басшысының сөзінше, Әблязов қырғыз халқын үш революция жасағаны үшін мақтап, Қазақстандағы билікті ауыстыруға бағытталған әрекеттерді ұйымдастыру мақсатында Бішкекке келуге рұқсат сұраған. Алайда Жапаров көрші мемлекеттің ішкі ісіне араласпайтынын айтып, ұсынысты қабылдамаған.

Сондай-ақ Қырғызстан президенті сол кезде Әблязовтан ақша сұрады деген ақпаратты жоққа шығарды. Оның айтуынша, телефон арқылы әңгіме небәрі екі минутқа созылған.

«Алаяқ болса, айта береді ғой. Ол кезде 40 минут емес, төрт минут сөйлесуге де уақытым болмады. Ақша сұрады дегені бос әңгіме. Өзі қазақ елінен Франциядағы жеке өміріне ақша сұрап жүрген қайыршыдан мен неге ақша сұраймын? «Қайыршыдан ақша сұрады» дегеннің өзі қисынға келмейді», – деді Садыр Жапаров.

Жапаров 2020 жылғы саяси оқиғалар кезінде халықтың қолдауына ие болғанын айтып, Әблязовтан қаржылай көмек сұрауға ешқандай қажеттілік болмағанын жеткізді.

Қырғызстан басшысы қоғамды тексерілмеген ақпаратқа сене бермеуге шақырды.

Айта кетейік, бұл мәлімдемелер Садыр Жапаровтың сұхбатында айтылған. Мұхтар Әблязовтың аталған сөздерге қатысты ұстанымы әзірге белгісіз.