Ақтөбеде 92 жастағы әйел, тоғыз баласы бар анасы, сегіз баласынан алимент өндіріп алуды талап етіп...
ҚАЛА КҮНІ ҚҰРМЕТІНЕ АСТАНАДА ӨТЕТІН ШАРАЛАР
Астананың 20 жылдығына орай мерекелік концерттер, шоулар, көрмелер және басқа да кез-келген жасқа және талғамға сай есте қаларлық шаралар ұйымдастырылады. Ең басты шаралар елорданың туған күні – 6 шілде күні өтеді.
Шілденің 3-і мен 8-і аралығында Астананың 20 жылдығына орай қандай шаралар өткізілетінін назарларыңызға ұсынамыз.
1 шілдеде Астанада елорданың даңғылдарының бірінде бойшаң қуыршақтардың шеруімен ІІ «Құралай» халықаралық қуыршақ театры фестивалі ашылды. Бүгін, 3 шілдеде фестиваль аясында Тунис, Бельгия, Ресей елдерінің ұжымдарының қойылымдарын, сондай-ақ, елордалық Қуыршақ театрының спектаклін тамашалауға болады. Ал ертең қатысушыларды марапаттау және фестивальдің жабылу салтанаты өтеді.
Тәуелсіздік сарайында бірден бірнеше көрме өз жұмысын бастады. «Astana Evolution» фотокөрмесі 8 шілдеге дейін өз келушілерін күтеді. Келесі күні С. Мүсіреповтың «Жаңа бастау» жеке көркемсурет көрмесі аяқталады. Астана қаласының «Жастар – Астана болашағы» жастар бірлестігімен бірлесе өткізілетін көрме 15 шілдеге дейін жалғасады.
1 шілде күні «Жастар» сарайында өз жұмысын бастаған «Моя любимая столица» көрмесі 6 шілдеге дейін өтеді. Еске салайық, фотоконкурсқа ниет білдіргендердің барлығы қатыса алды. Қорытынды көрмеге қойылатын еңбектерді арнайы конкурстық комиссия іріктеді. Үздік суреттердің авторларына Елорда күні естелік сыйлықтар мен марапаттар табысталады.
4 шілдеде сағат 17.00-де «Нұржол» сулы-жасыл желекжолында елордалық «ASTANAAROUNDUS» фотоөнер фестивалі ашылады. Қатысушылардың еңбектерін 31 шілдеге дейін көруге болады.
Бүгін сағат 17.00-де Есіл өзенінің жағалауындағы амфитеатр сахнасында «Серпер» оркестрлер фестивалінің-халықаралық шеруінің ашылуы өтеді. Ертең сағат 11.00-ден бастап Астаналық және Студенттік саябақтарда фестиваль қатысушылары мен ұжымдары қала тұрғындарының назарына өз концерттерін ұсынатын болады. Осы күні сағат 17.00-де амфитеатр сахнасында шетелдік ұжымдар мен солистердің қатысуымен «Күй керуен» концерті өтеді. Фестиваль 5 шілдеде «Күй әлемі» гала-концертімен аяқталады.
Сонымен қатар, бүгін елорда әкімдігінің алдындағы қалалық алаңда «Дабыл» тобы «Құттықтаймыз, Aстана!» атты концертін көпшілік назарына ұсынады.
4 шілдеде XI «Астана Арқау» халықаралық түркі музыкасы фестивалінің шымылдығы ашылады. Фестиваль бағдарламасында барлық түркі халықтарының музыкасы орындалады. Аутентикалық (түпнұсқалық) музыканы сүйіп тыңдайтындар бақсы әндерін, хомусқа арналған виртуоздық композицияларды, кеңірдекпен айтылған әндерді, Орталық Азия және Қазақстанның, Закавказье мен Анатолиидің, Поволжье мен Сібірдің түркі халықтарының лирикалық әндерін тыңдайды. Артистер 4 және 5 шілде
күндері «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының камералық залында өнер көрсетеді.
Бұдан басқа, ертең, 4 шілде күні сағат 11.00-де дәстүр бойынша елорда күнін мерекелеудің ресми бастауы болып саналатын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтеру салтанаты өтеді. Осы күні кешке «Барыс Арена» мұзайдын сарайында алғаш рет «Еуразия кубогы» халықаралық көңілділер және тапқырлар клубының ойыны өтеді. КВН жоғары лигасына қатысушы 7 команда бас жүлдені сарапқа салады: «РУДН», «Союз», «Борцы», «Раисы», «Плюшки», «Русская дорога», «Спарта Номад». Сонымен қатар, шараға КВН премьер-лигасында Қазақстанның атынан өнер көрсетіп жүрген «Қорғалжын құрамасы» командасы да қатысады. Әзіл-сықақ кешінің жүргізушісікіші Александр Масляков.
Мұнымен қоса, «Назар аудар» театры да Nomad city hall сарайында өтетін әзіл-сықақ кешіне шақырады.
4 шілдеде сағат 16.00-де Астаналық циркте «Азия жаңғырығы» халықаралық цирк өнері фестивалі басталады. 6 шілдеге дейін жалғасатын Екі конкурстық бағдарламада әлемнің 12 мемлекетінен келген 60-тан аса цирк артисі өнер көрсетеді.
Сонымен қатар, ертең сағат 18.00-де «Астана» концерт залының жазғы сахнасында IX «Астана самалы» халықаралық үрмелі аспаптар оркестрлері фестивалінің ашылуы өтеді. Биыл оған 7 ұжым қатысады, оның ішінде Барнаул мен Новосібірден келген қонақтар бар.
5 шілдеде сағат 11.00-де Студенттік және Астаналық саябақтарда қатысушылар жеке номерлерін көпшілік назарына ұсынады. Ал кешке «Бәйтерек» монументінің алдындағы алаңда барлық ұжымдардың қатысуымен дәстүрлі бэнд-марафон өтеді. 6 шілдеде сағат 11.00-де фестивальдің ең жарқын бөлігі – оркестрлер шеруі өтеді. Шараға қатысушылар Республика даңғылының бойымен Әскери-тарихи музейден «Жастар» сарайына дейін жүріп өтеді. Осы күні сағат 17.00-де ұжымдар қалалың алаңда өтетін қорытынды плац-концертте өнер көрсетеді.
4-6 шілде аралығында осы алаңда «Шаттық» халықаралық балалар шығармашылығы фестивалі өтеді.
5 шілдеде сағат 12.00-де «Атамекен» этно-мемориалдық кешенінің жанында салтанатты неке қию рәсімі өтеді. Осы күні әдеттегідей, ондаған жұп шаңырақ көтереді. Жас жұбайларға естелік сыйлықтар табысталып, ізгі тілектер айтылады.
Осы күні сағат 10.00-де Абай ескерткішінің жанындағы алаңда кітап оқырмандары мен поэзия өнерін бағалаушылар «Абай рухы жаңғырған Ұлы дала – Астана!» кітап пен поэзия мерекесіне қатысады. Мерекелік бағдарлама аясында «Менің қолтаңбам» поэзиялық жекпе-жегі, «Величавая столица, Астана!» театрландырылған қойылымы, әдеби фаэтон, «Кел, оқиық» атты би шоуы, «Астана – бағы биік асқарымсың» кітап-иллюстративті экспозициясы, сондай-ақ «Время читать» промо-акциясы ұйымадстырылады.
Кешке сағат 19.00-де «Астана» концерт залында француз дирижері Филипп Юидің қатысуымен симфониялық оркестрдің «Гофманның ертегілері» атты концерт өтеді.
5 және 6 шілдеде «Жастар» сарайының жазғы сахнасында Астана қаласы әкімінің кубогына караокеден «Бәрі де ән салады» ашық қалалық чемпионаты өтеді.
Мұнымен қоса, қалалық алаңда «International Street dance Session in Astana» халықаралық көше биі фестивалі ашылады. Қатысушылар 6 шілдеге дейін өнер көрсетеді.
Әдеттегідей, мереке күндері қалалық саябақтар да белсенді жұмыс істейді. 5 шілдеде сағат 15.00-де, 6 шілдеде сағат 13.00-де және 7 шілдеде сағат 13.00-де және 20.30-да Студенттік, Жерұйық саябақтарында «Елорда жүрегімде» концерттері көпшілік назарына сұынылады.
Сонымен қатар, 6 және 7 шілдеде елорда тұрғындары мен қонақтарын Nomad city hall сарайына «Әзіл әлемі» әзіл-сықақ кешіне шақырамыз.
Шілденің 6-ы мен 8-і аралығында «Бәйтерек» монументінің алдындағы алаңда «Spirit of Astana» халықаралық фестивалі өтеді. Үш күн бойы сахна төрінде 18 ұжым, яғни 120-дан аса музыкант өнер көрсетеді. Биыл фестивальге әлемнің 20 мемлекеті қатысады.
6 шілдеде «Астана» концерт залында КСРО халық артисі, Социалистік еңбек ері, академик Бибігүл Төлегенова Астанаға мерекелік музыкалық тарту жасайды. Аңызға айналған әншінің жеке концерті кешкі сағат 18.00-де басталады.
Астананың 20 жылдығы орайластырылған іс-шаралардың шарықтау шегінде «Қазақ Елі» монументінің алдындағы алаңда қазақстандық және шетелдік артистердің қатысуымен Гала-концерт өткізіледі Бессағаттық музыкалық шоу ашық аспан астында өтеді және оны көрем деушілерге есік ашық. Қайрат Нұртас, Мәдина Сәдуақасова, Қарақат Әбілдина, Ардақ Балажанова, Қайрат Баекенов және «Формат» тобы және басқалары Астананы туған күнімен құттықтайды. Кеш хэдлайнерлері – қазіргі заманғы музыканың К-поп бағытының жарқын өкілдері Ninety One және оңтүстіккореялық Boyfriend топтары. Сондай-ақ, елорда тұрғындары мен қонақтары 1998 жылы Қазақстанның жаңа елордасын барша әлемге таныстыру рәсіміне қатысқан «На-На» тобының өнерін тамашалайды. Бұдан басқа, концерт көрермендері мерекелік отшашу тамашалайды. Биыл отшашу 6 шілде күні Бейбітшілік және келісім сарайы аумағында болады. Гала-концерт пен мерекелік отшашу “Хабар” телеарнасынан тікелей эфирде трансляцияланады. Басталуы сағат 20.00-де.
7 шілде күні сағат 19.00-де қалалық алаңда италиялық «FORWARD» джаз квартеті өнер көрсетеді. Бір сағаттан кейін осы жерде «Музыка энергиясы»
концерті өтеді. Аталмыш шара 8 шілде күні де осы уақытта осы жерде өтетін болады.
Шілденің 10-ымен 30-ы аралығында «Бәйтерек» монументінің алдындағы алаңда ІІ «FOTOfest.KZ» халықаралық фестивалі жұмыс істейді.
20 шілдеде кешке «Жастар» сарайының сахнасында мүгедек балалар арасында «Поющие руки» фестивалі өтеді.
Шілденің 27-сі мен 29-ы аралығында әдеттегідей, бард әншілер Қарағанды тасжолының 17-шақырымында «Причал» мотелінің аумағында «Астана-2017» авторлық әндер фестивалінде бас қосады.
Спортқа әуес жандар үшін де қызықты шаралар ұйымдастырылады. Мерекелік мәдени, концерттік бағдарламалардан басқа түрлі спорт түрлерінен жарыстар өткізіледі.
4-9 шілдеде «Алау» мұзайдын сарайы аумағында оқ атудан Астана қаласының ашық чемпионаты өтеді.
4 және 5 шілдеде «Вавилон» фитнес орталығында спортшыларды кунг-фудан Астана қаласының ашық чемпионатына шақырамыз. Осы күндері «арай» саябағында велоспорттан елорда чемпионаты өтеді.
Шілденің 6-ы мен 8-і аралығында «Дәулет» спорт комбинатында балалар, жасөспірімдер және ардагерлер арасында шинкиокушинкай каратэден ҚР чемпионаты ұйымдастырылады.
6 шілдеде сағат 14.00-де «Қазанат» атшабарында бәйгеден «Астана кубогы» жарысы ұйымдастырылады.
22 шілдеде сағат 10.00-де Триатлон паркте «Астана триатлон» ашық қалалық турнирі өтеді. 8 қыркүйекте осы жерде отбасылық дуатлон ұйымдастырылады.