«Азаттық – ұлттың ары, Елбасы – елдiң бағы» атты ҚР Тұңғыш Президенті күнін...
Қазақ тілінің қажеттілігін "Оян, қазақ!" сияқты жобамен мойындатпасақ, құр айқайдың дәуірі өтті - продюсер
Фото интернеттен
884
Жас режиссер Мұрат Есжанның “Міржақып. Оян, қазақ!” фильмі “TICKETON AWARDS 2024” фильмдер байқауында “Ең үздік отандық фильм” номинациясы бойынша үздік деп танылды. Ал аталған фильмде басты рөлді сомдаған актер Бақыт Қажыбаев “Жылдың үздік актері” деп танылды.
Айта кету керек, “TICKETON AWARDS 2024” жүлдесі аясында 7 бағыт 34 номинация бойынша дауыс беру 1 ай уақыт жүрді.
Фильмнің бас продюсері Айсәуле Әбілда конкурстың қалай өткенін facebook парақшасында жазды.
"Бұл аламанда “Міржақып. Оян, қазақ!” фильмінің де барын естігелі өз жобамызға тақым қысып отырдық. Алайда, әлеуметтік желідегі парақшаларымызға салып, бізге дауыс берсеңіздер деп жазуды құп көрмедік. Себебі, дауыс беру барынша шынайы, әділ өтсе екен, көрерменнің шын таңдауы осы болса, өзі шығар деп ойлаған едік. Біздің көзі қарақты көрерменіміз өз таңдауын жасап, “Ең үздік отандық фильм” деп, ал актеріміз Бахыт Қажыбаев ағамызды “Жылдың үздік актері” деп танығанына шын қуанып қалдық.
Кеше марапаттау шарасына барып, кеңестік және қазақстандық кинорежиссер Рашид Нұғыманов пен атақты киносыншы Олег Борецкийдің қолынан жүлдемізді алғанда көзіме бірінші рет осы кезге дейінгі қиындық пен қуанышта шықпаған жас келді. Тіпті, сол Олег ағамыз жүлдені табыстап жатып, “лайық марапат” деп бірнеше рет айтып қалды. Өйткені, ұйымдастырушылары да, жүргізушісі де, жалпы аудиториясы да орыстілді, былай қарасаңыз Мұрат екеуміздің өмірі жолымыз түйіспеуі мүмкін ортаға “Оян, қазақ!” жобасының арқасында келіп, сыйлығын алып тұрмыз. Бәлкім, кембағал сана дерсіз, бәлкім басқа дерсіз, бірақ қазақ тілінің керегін қатты сезініп тұрмаған ортаға “Оян, қазақ!” бір ой тастағандай, әйтпесе “неге олай” деп пост жазып, жер тепкілеп, қарсылық танытқаннан бірдеңе өзгерсе, осы кезге дейін көрдік қой. Енді заман басқа, біз ісімізбен, осындай жобамызбен мойындатпасақ, құр айқайдың дәуірі өтті.
Бұл сыйлық - креативті индустрияның көп бөлігін уысында ұстап отырған жандарға қазақтың жеткізген үні деп білемін. Сол үшін осы жобаның идеясынан монтажына дейін жасаған авторы, 10 ай бойы отымен кіріп, күлімен шыққан, әрі сценарисі (біреулер атын жай қосып қойған деп ойлайды екен, сол үшін ашып жазып отырмын), әрі режиссері Мұрат Есжанды және бүкіл шығармашылық ұжымды шын жүректен құттықтаймын және аз ресурспен жасалса да көпке ой салып, қоғамда Алаш зиялылары тақырыбын трендке айналдырған “Міржақып. Оян, қазақ!” жобасын, оны жүзеге асырған “MurAi production” компаниясын мақтан тұтамын", - деп жазды А. Әбілда..