Қазақстандық 54 жылдан кейін Оралда бауырын тапты

ашық дереккөз

ЖАҢАЛЫҚТАР
110

24 ақпанда Оралдағы арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында тағдыр тәлкегімен жарты ғасырдан астам уақыт бұрын ажырап қалған туған ағайындылардың кездесуі өтті, деп хабарлады MadeniPortal.kz.

Ақтөбе облысының тұрғыны Жетпісбай Қасмұханов жұбайы, ағасы және қарындасымен бірге Оралға кіші інісі Аманбекті көріп, алып кету үшін келген.

Анасы қайтыс болғаннан кейін балалар Ақтөбе облысындағы балалар үйіне жіберілген. Алайда денсаулығына байланысты үш жасар Аманбек кейін басқа мекемеге — Орал қаласына ауыстырылған. Содан бері бауырлар бір-бірін көрмеген. Орталықтың мәліметінше, Аманбек осы мекемеде 47 жылдан бері тұрып келеді.

«Осы уақыт бойы туыстары оны іздеді. Алайда тегтері өзгертілгендіктен, таба алмады. Қазір Жетпісбай кіші інісін алып кетуге ниетті. Қажетті құжаттарды рәсімдеп жатыр. Аманбек әрекетке қабілетсіз, оның қамқоршысы — біздің мекеменің басшысы. Сондықтан Жетпісбайға алдымен қамқоршылықты рәсімдеу қажет, кейін бұл мәселені комиссия қарайды. Аманбек ағасын ұмытқан жоқ, барлығына ол туралы айтып жүретін. Қамқорлығымыздағы азаматтың тағдыры осылай оң шешімін тауып, туған-туыстарымен қауышқанына өте қуаныштымыз», — деді арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы басшысының орынбасары Әсемгүл Қашқынбаева.

Жетпісбайдың айтуынша, ол інісін ұзақ жылдар бойы іздеген: түрлі мекемелерге жүгінген, соның ішінде телевизиялық жобаларға да барған, алаяқтарға тап болған, Батыс Қазақстанның біраз өңірін аралаған. Туысының ізіне медицина саласында жұмыс істейтін жұбайының көмегімен шыққан. Ол Damumed арқылы Аманбекті тапқан. Келесі күні-ақ Жетпісбай Оралға жеткен.

Қазір отбасы қажетті құжаттарды дайындап жатыр. Жетпісбай кіші інісін үйіне алып кетіп, қалған жылдарын оның жанында өткізуді көздеп отыр.

ЖАҢАЛЫҚТАР

ҚР еңбек сіңірген әртісі Меруерт Қаратайқызы Өтекешова 75 жасқа толды,деп хабарлады MadeniPortal.kz....

ЖАҢАЛЫҚТАР

Қасым-Жомарт Тоқаев шейх Мишааль әл-Ахмад әл-Джабер ас-Сабах пен оның отандастарын Кувейт Мемлекетін...