Қорғансыздардың мәселесіне кім жауапты?

Жаңалықтар
1219

Сәбиді періштеге, баланы жазылмаған ақ параққа теңейтін қазақы қисынға салсақ, бала ешқандай жамандық жасамауы тиіс. Сондай-ақ, балаға да зорлық-зомбылық көрсетілмеуі керек-тін. Бірақ, қоғамда осы қисынға мүлде кереғар әрекеттер орын алып, нәтижесінде балалар жасаған қылмыс пен балаға қатысты зорлық-зомбылық ешқашан толастаған емес. ХХ ғасырдың басында ұлы жазушы М. Әуезов «Қорғансыздың күні» әңгімесін жазып, сол қоғамдағы балаға жасалған қиянатты, зорлықты ашып көрсеткен болса, қазіргі күні де қорғансыздың күнін кешіп жүрген балалар жүздеп саналады. Оны жеріне жеткізіп жазып жатқан жазушылар жоқ демесеңіз, күніне жүздеген ақпараттың тасасынан жаға ұстататын бір-екі ақпарат сынаптай сырғып өтіп кететінін ақпарат ғасырында ешкім жауып-жасыра алмайды. Қазақстанның Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Сәуле Айтпаеваның мәліметіне сүйенсек, биылғы жылдың сегіз айында балаларға қатысты 78 зорлық-зомбылық оқиғасы тіркелген. «Оқиғалардың көпшілігі сексуалдық сипатта болған. Сондай-ақ, өлтіру оқиғалары да, суицид те тіркелді. Өздері қылмыс істеген балалар да бар» - дейді уәкіл.



Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифингте Парламент сенатының депутаты, Қазақстанның Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Сәуле Айтпаева қоғамда орын алып жатқан өкінішті жағдайларды қинала баяндап, одан қалай шығуға болатыны жайлы бірқатар мәліметтерді алға тартты. Біріншіден, Ішкі істер министрлігі, Бас прокуратура және Білім және ғылым министрлігі бірлесіп жасаған жоспар бар. Сол жоспарда балалардың түздегі тәрбиесіне қатысты барлық жағдайлар, яғни, қалай жүріп-тұруына дейін барлығы тиянақты жазылған. Бала мен ата-ана зорлық-зомбылыққа тап болмас үшін қалай әрекет ету керек, тап болған жағдайда құқық қорғау органдары қалай әрекет етеді сұрақтардың жауабы бар. Екіншіден, Президенттің жарлығымен 2016 жылы құрылған Бала құқықтары жөніндегі уәкіл институты да балалардың зорлық-зомбылыққа ұшырауы немесе балалар қылмысына қатысты мәселеде тығырықтан шығуға жол сілтейді. Бұл орайда уәкіл тек соңғы екі айда ғана 80-ге тарта өтінім келіп түскенін айтты. «Бала құқықтары жөніндегі уәкіл ретінде мен оларға қолданыстағы заңнаманың талаптарын түсіндіріп беремін», - деді ол.

Статистикалық мәлімет бойынша елімізде 5 623 387 бала болса, оның ішінде мектепке дейінгі балалар саны – 2 254538. Мектеп жасындағы балалар 3 миллионнан асады. 26 672 бала жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған дейтін санатқа кіреді екен. Жалпы қоғамымызда балаға қатысты барлық мәселе өзекті болғанымен, шығу жолдары, оларды талқылау, түсіндіру біраз үстірттеу екені жасырын емес. Бұл орайда Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің брифингі бірқатар сұрақтарға жауап беруімен маңызды болды.  


А. Сейілова

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...