«Серпіндіктердің» алғашқы қарлығыштары да үлкен өмірге қанат қақты - маман

Жаңалықтар
619


Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәңгілік ел» идеясының шеңберінде дүниеге келген «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» - «Серпін» атты әлеуметтік жобасына биыл төртінші жыл. «Серпін» бойынша оқуға түскен студенттердің алды биыл оқуын бітірді. Осы орайда біз көкейде жүрген біршама сауалды аталмыш жобаны жүзеге асыратын мекеме – Болон процесі және академиялық ұтқырлық орталығы өкіліне қойған болатынбыз. Орталықтағы Ұлттық жобалар басқармасының басшысы Айгүл Сағиевамен болған сұхбаттың ұзын-ырғасын оқырманға ұсынып отырмыз. 


Айгүл Сағиева


- Айгүл Хасенқызы, «Серпін» жобасы бойынша биыл оқу бітірген жастар туралы әңгімелесеңіз. Білуімізше, осы жоба бойынша білім алған жастардың жұмысқа орналасуына мемлекет өзі кіріседі емес пе?

- Жоба бойынша биыл алғашқы түлектер бакалавр дәрежесін алды. Еліміздің жеті жоғары оқу орнында оқыған 931 жасқа төрт жылғы оқуларының нәтижесі – дипломдары берілді. Жобаны атқарушы мекеме ретінде біз мониторинг жүргізіп отырамыз. Ескеретін жәйт - биылғы түлектердің барлығы да педагогикалық бағыт бойынша білім алған. Жұмысқа орналасу жайына келсек, олардың 23,3 пайызы өздері оқыған аймақта қалып еңбек етуде, 27 пайызы еліміздің түрлі өңірлерінде нәпақа тауып жүр. 43,5 пайызы оқуларын жалғастырып, магистратураға түсті. Қалған мамандардың жұмысқа орналасуы анықталуда. Алдағы жылы жоба бойынша 4 мыңнан аса студент жоғары оқу орындарын бітіреді. Олар білім алып жатқан оқу орындарында жұмыспен қамтамасыз ету жұмыстарын атқаратын жауапты өкілдер бар. Өкілдер студенттердің тәжірибелік практикасын ұйымдастырады, жұмыс берушілермен бітірушілердің кездесуін өткізіп тұрады. Сондай-ақ, оқу орындары мен жұмыс берушілер арасындағы келісім-шарттарға да мұрындық болады. Мысалы, өзім жуырда Павлодардағы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетте болдым. Сонда  университет ректоры Ахметова Ғауһар Ғалымқызының қатысуымен 34 ірі кәсіпкердің студенттермен кездесуі өтті. Әр студент туралы қысқаша резюме дайындалып, жұмыс берушілердің қолдарына ұстатылды. Бұл секілді шаралар оқу орындарында көптеп ұйымдастырылады. Әрі нәтижесін де беріп жүр. 

- Түрлі себептермен оқудан шығып қалатын студенттердің жайы не болмақ? Ал, жұмысқа орналаса алмай қалса ше? Мемлекет есебінен шығарылған шығынды кім жабады?


Серпіндіктер


- Иә, осы төрт жылдың ішінде оқудан шығып қалған студенттер болды.  Оңтүстік өңірдің кейбір балаларына солтүстік өңірдің ауа-райы жақпады. Сосын кейбір балалар отбасылық жағдайына байланысты оқуды тастап кетті. Бірақ олардың саны өте аз. Бірен-саран деуге болады. Ол балалар оқуларын басқа жоғары оқу орындарында жалғастыратын жағдайда гранттары сақталмайды. Сондай-ақ, жұмысқа орналасуға қатысты да Үкіметтің талабы бар. Егер ол талаптың үдесінен шықпаса, студент тарапынан шығын өтеледі.  Үкіметтің Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасына «Серпін» жобасы бойынша білім алған жастарды жұмысқа орналастыруына және әлеуметтік көмек қарастыруына қатысты жаңаша өзгерістер енгізілді. 

- Әлгінде бітірушілердің жартысына жуығы магистратураға түсті деп айтып қалдыңыз. Жоба бойынша магистратурада да оқи ала ма? Сондай-ақ, қазір студенттер негізінен қандай мамандықтар бойынша, қанша оқу орнында білім алуда? Оларды оқуға қабылдаған кезде қандай талаптар қойылады?

- Жоба бойынша магистратура қарастырылмаған. Бірақ, кез-келген бітіруші түлек ары қарай өз бетімен білімін жалғастыруға мүмкіндігі бар. Ал енді жоба бойынша оқу процесіне келсек, бүгінде студенттер педагогикалық, ауылшаруашылық және техникалық мамандықтар бойынша үш бағытта білім алып жатыр. Ішінара медицина саласы да бар. Олай деуімнің себебі, медициналық мамандықтар 2016-2017 оқу жылында қосылды және грант саны да көп емес. Жобаға еліміздегі 26 жоғары оқу орны мен 33 колледж қатысады. Бұл оқу орындары еліміздің солтүстік, шығыс, батыс және орталығында орналасқан. Өздеріңіз білетіндей «Серпін» жобасына оңтүстік өңірлердің, атап айтқанда Алматы, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарының, батыс өңірден Маңғыстау облысының ауыл жастары қатыса алады. 

- Осы аталған өңірлердегі моноқала мен қала тұрғындары «Серпін» жобасы бойынша оқуға түсуге өтініш бере ала ма?

- «Серпін»  жобасы бойынша білім алуға тек ауыл жастарына ғана мүмкіндік берілген. Қойылатын негізгі талап – өтініш  иесі сол аталған 5 өңірлерден болуы тиіс. Моноқала мен қала жастары бұл жоба бойынша білім ала алмайды. Сондай-ақ, ҰБТ-дан жинаған балы 50-ден кем емес, бейіндік пәндерден жинаған балы 5-тен кем болмауы тиіс дейтін де шарттар бар. Жобаның негізгі мақсаты да ауыл жастарына, әсіресе көпбалалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардан шыққан, талабы болғанмен ары қарай оқуға мүмкіндіктері аз  балаларға сапалы білім беру және оларды оқыған өңірде алған мамандығы бойынша жұмыспен қамтамасыз ету. 



Серпін» жобасының гранты бойынша биыл қанша студент білім алуда? Олардың стипендиялары мемлекеттік білім грантымен оқуға түскендермен бірдей ме? 

- «Серпін» жобасына бөлінетін грант саны мемлекет тарапынан бөлінетін жалпы гранттың он пайызын құрайды. Биылғы жылы жоба бойынша жоғары оқу орындарына педагогикалық, техникалық және ауылшаруашылық мамандықтарына 5089 грант бөлінді. Олардың көбі техникалық мамандықтарға бөлінгенін атап айтуымыз керек. Ал колледждерге 720 грант бөлінді. Жалпы, жоба жұмыс істей бастағалы бергі төрт жылда 22 804 грант бөлінген. «Серпін» жобасы бойынша білім алып жатқан студенттердің стипендиялары мемлекеттік грант иегерлерінікімен бірдей. Жоғары оқу орындарында оқитындар – 20 700 теңге, колледждерде оқып жатқан студенттер – 17 мың теңге көлемінде шәкіртақы алады. Міндетті түрде жатақханамен қамтамасыз етіледі. Әлеуметтік жоба болғандықтан, жылына екі рет жол шығындары қарастырылған. Кейбір колледждерде ыстық тамақпен де қамтамасыз етеді. 

- Менде мынадай сұрақ туындап тұр. «Серпін» жобасы бойынша оқып жатқан студенттер оңтүстік, батыс өңірлердің ауылынан шыққан балалар. Олар солтүстік өңірлерге келгенде тілдік кедергілерге ұшырамай ма?

- «Серпін» жобасы бойынша студенттер тек қана қазақ бөлімдерінде оқиды. Сол үшін тілдік кедергілер болмайды деп сеніммен айта аламыз. Оның үстіне жаңа оқу жылы басталғанда «Серпін» жобасының студенттеріне орыс, ағылшын тілдері бойынша тегін тілдік курстар ашылады. Олар курсқа қатыса жүріп те тілдік кедергілерді жеңіп кетеді. Бұл орайда мынаны айтқым келеді. Бүгінде академиялық ұтқырлық бойынша әр студенттің бір семестр өзге оқу орнында оқуға мүмкіндігі бар. Оның ішінде шетелдік оқу орындарына да бара алады. Қойылатын талаптың бірі – ағылшын тілін білу. Осы орайда академиялық ұтқырлық бойынша шетелдерге барып келген серпіндіктер жетерлік. Сондықтан тілдік кедергілер болуы тиісті де емес. 

- «Серпін» жайында біраз ақпарат бердіңіз. Әңгімеңізге рахмет. Жұмыстарыңызға сәттілік!


Сұхбаттасқан А. Сейілова

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...