Әнші Маржан Арапбаева "The Эфир" бағдарламасында Ләйлә Сұлтанқызының сұрақтарына жауап бер...
«Сіздерді құрметтеймін»: Борат рөліндегі актер қазақстандықтардан кешірім сұрады
Фото: ЖИ
Британдық актер әрі комик Саша Барон Коэн Қазақстан халқынан өзінің әйгілі Борат кейіпкері үшін кешірім сұрады. Ол бұл туралы америкалық журналист Джош Хоровиц жүргізетін Happy Sad Confused подкастында айтты, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Актердің сөзінше, Бораттың Қазақстанға ешқандай қатысы жоқ. Ол кейіпкердің бастапқыда басқа елдердің атынан шыққанын және оның ұлты әртүрлі кезеңде өзгеріп отырғанын түсіндірді.
Коэннің айтуынша, ол Боратты алғашында BBC арнасына арнап әзірлеген. Кейін кейіпкердің бейнесі өзгеріп, басқа телеарналардағы жобаларға бейімделген. HBO арнасына арналған нұсқаны дайындау кезінде актер көпшілік жақсы білмейтін елді таңдағысы келген. Осылайша Қазақстан Бораттың отаны ретінде көрсетілген.
«Қазақстан халқынан алғаш рет кешірім сұрағым келеді. Өйткені Бораттың Қазақстанға ешқандай қатысы жоқ», – деді актер.
Ол қазақстандықтардың шынайы өмірде Боратқа ұқсамайтынын және кейіпкердің сөйлеу мәнері мен сыртқы бейнесі ел тұрғындарын сипаттамайтынын да атап өтті.
Сондай-ақ Коэн Қазақстан елшілігінің бұған дейін кейіпкерге қатысты ресми шағым түсіргенін еске алды. Актер бұл наразылықтың орынды болғанын мойындады.
Оның түсіндіруінше, Борат арқылы Қазақстанды емес, өзі кездескен адамдардың бейтаныс ел туралы жалған әрі қисынсыз әңгімелерге сенуге дайын тұратынын әжуалаған.
«Қазақстандықтар, маған ешқандай жаман ой телімеңіздер. Мен сіздердің халқыңыз бен мәдениеттеріңізді құрметтеймін», – деді ол.