Шымкентте нәресте дүниеге келуіне бірнеше күн қалғанда шетінеп кеткен

Сурет ашық дереккөзден алынды

ЖАҢАЛЫҚТАР
212

Шымкент тұрғыны Назерке Пиримбетова баласынан айырылды. Әйелдің туыстары дәрігерлерді салғырттық жасады деп кінәлап, істі мұқият тергеуді сұрап отыр, деп хабарлады MadeniPortal.kz.

Бұл туралы Almaty.tv жазды.

Босануға санаулы күн қалған кезде нәресте ана құрсағында шетінеп кеткенін әйел қайғыра айтты. Оның сөзінше, медицина қызметкерлері дер кезінде кесар тілігін жасағанда, бұл қайғылы жағдайдың алдын алуға болар еді.

Әйел алдын ала №2 қалалық ауруханаға түскен. Туыстарының айтуынша, ол медицина мекемесінде бір айдан аса жатқан. Босану мерзімі жақындаған сайын жағдайы нашарлаған. 30 жастағы науқас бірнеше рет дәрігерлерден шара қолдануды сұраған. Бірақ жақындарының сөзінше, оған тек шыдауды айтқан. Соның салдарынан әйел асыға күткен сәбиімен кездесу түгілі, оны көріп те үлгермеген.
"Оны 5-6 рет тексерді, КТ-ның нәтижесі нашар болды. Түнде де мазасызданды. Мұның бәрін дәрігерлерге айттық, бірақ олар мүлде қарап-тексермеді. Соның нәтижесінде мен баламнан айырылдым", — деді жәбірленушінің күйеуі Абай Бердібек.

Отбасының айтуынша, сәби қайтыс болғаннан кейін дәрігерлер нақты түсініктеме бере алмаған. Керісінше, жауапкершілікті өздерінен ысырып, бала толық жетілмеген деп мәлімдеген. Сонымен қатар медицина қызметкерлері әйелден журналистермен сөйлеспеуді сұрап, оны палатаға кіргізбей қойғанын туыстары айтты.

"Палатаға кірсем, онда бас дәрігердің міндетін атқарушы, акушерлер, медбикелер және тіпті тергеуші де жиналып қалыпты. Олар қарындасымды баланы мәйітханаға бермеуге үгіттеді, ол жақта сәбидің денесін тіліп жібереді деді. Меніңше, олар ашып тексеруге жол бермей, ізді жасыруға тырысты. Істі тыныш жабуды қалаған", — деп есептейді оның ағасы Асанәлі Пиримбетов.

Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция дәрігерлердің әрекетін тексеріп жатыр. Баланың денесі, плацента және кіндік бауы сараптамаға жіберілді. Сараптама өлімнің нақты себебін анықтауы тиіс.

Ал қалалық денсаулық сақтау басқармасы дәрігерлер кесар тілігін жасауды жоспарлағанын мәлімдеді.

"Кесар тілігін осы аптада жасау жоспарланған еді. Себебі ұрықтың өкпесін дайындау қажет болды. Бірақ плацентаның өзінде және плацента тамырларында мәселелер туындап, бұл қызметтің декомпенсациясы болды. Соның салдарынан 3-інен 4 желтоқсанға қараған түні ұрық жатыр ішінде шетінеп кетті", — деді денсаулық сақтау басқармасы бөлімінің басшысы Инна Глазебная.

Қайғылы оқиғадан кейін перзентханада бақылау күшейтілді. Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті оқиғаның барлық жай-жапсарын анықтау үшін тексеру жүргізіп жатыр.