Киевтегі Жуляна халықаралық әуежайының диспечері қазақстандық әншіні қазақша хабарламамен қарсы алды...
“Тағы да 7 бала”: Гүлмира Абықай көмекке мұқтаж көпбалалы отбасының жағдайын жеткізді
Фото: видеодан скриншот
Гүлмира Абықай әлеуметтік желідегі парақшасында көмекке мұқтаж көпбалалы отбасының жағдайын жеткізді, деп хабарлайды MADENIPORTAL.KZ.
Журналист Гүлмира Абықай өзіне әлеуметтік желіден хат келгенін, оны оқыған соң сол жерге барып, көріп, жүрегі ауырғанын айтқан.
Шымкенттегі 7 баланың жайын жазып, фото-видеоларына қарап отырмын. Осы сәтте "Гүлмира апай, бұлар да 7 бала. Ата-анасы бар болғанымен жоққа тең, көмектесейікші" деген смс келді. Жоққа теңі қалай деп оқыдым... жаным ашыды. Бардым...жүрегім ауырды. Көрдім...енді естен кетпей жатыр.
Журналистің жазуынша, 7 баланың ата-анасы жарымжан жандар екен. Ал, балалар әлі оқушы, үлкені 10 жаста, кішісі 2 жаста.
Отбасында әкесі ауру, анасы жарымжан. Отағасы Мансұр белден жүре алмайды, бір құлағы естімейді. Зүлфияның да бір құлағы туабітті жоқ. Қалқанша безінің асқынғаны сондай, тамағы салбырап тұр. Ешкімнен ештеңе сұрамай, Мансұр 500 мың теңге несиеге жер алды. Времянка соғып, енді үйді кеңейтемін дегенде биіктен құлап, белден жарамсыз болып қалды. Операциясыз емдеуге болады, шамен 2 млн теңге қажет. Мұндай ақша қайдан?. Жеке құжаты қақ бөлініп сынып қалған. Соны жөндетуге артық 1000 теңге жоқ.
- Екеуіңіз де мүшкіл халдесіз, 7 баланың үлкені 10-нан асқан, кенжесі 2-ге толды. Енді не болады десем, Алла бергенді алып тастай алмадым деп жерге қарады Зүлфия. Еш нәрсе айтпадым, сіз де айтпай-ақ қойыңыз.
Гүлмира Абықай, жағдайды көріп, білгеннен кейін өзі де ештеңе дей алмағанын және оқып отырған оқырмандарына да ештеңе деудің керегі жоқ екенін айтқан. Сондай-ақ, Отбасының тіреуі болып отырған балалардың әкесіне мүгедектік берілмегенін де айтып өткен.
Шын жаныңыз ашыса жәй ғана көмек қолын созыңыз. Ең құрмаса бастаған үйін бітірсін. Балалардың нәсібіне бәлкім баспана бұйырар.
Айтпақшы, 7 бала мен Алтын алқаға Үкімет 130 мың теңге төлейді. Көзге көрініп тұрған дертіне мүгедектік берілмеген, АӘК бұл отбасы ілінбеген. Әл-әуқаты төмен отбасыларға арнайы бөлінуі тиіс атаулы әлеуметтік көмек осындай отбасыға берілмесе сонда кімдерге беріледі?