Түркістан облысында тұрғын көршісінің үйіне екі рет ұрлыққа түскен, деп хабарлайды madeniportal.kz B...
Түркістан облысында алаш арыстары мен Қажымұқанға ескерткіш ашылды
Түркістан облысы Шарапхана ауылына «Алаш арыстары» ескерткіші мен Қажымұқан Мұңайтпасовтың 150 жылдығына орай ескерткіш орнатылды. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли жазды, деп хабарлайды "Мәдениет порталы".
Ескерткіштердтің ашылуына арнайы шақырту келіп еді. Елдік маңызы бар іс-шараға бара алмасақ та, арнайы тілегімізді жолдап, жұртпен бірге екенімізді білдірдік. Өткенін танып, ұлыларын қастерлеген елдің болашағы да жарқын. Ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыру, бабаларымыз жүрген қасиетті жолдың қадірін ұқтыру – баршамыздың мәртебелі міндетіміз - деді Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли өз парақшасында.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Жарлығымен Саяси-қуғын сүргін құрбандарын ақтау жөнінде арнайы комиссия құрылып, ауқымды жұмыс жасалып жатыр.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында тарихымыздың ақтаңдақтарын қалпына келтіріп, алаштың асыл мұралары мен арда азаматтарын халықтың жадында жаңғыртып отыруымыз керек. ХХ ғасыр басындағы халқымыздың тағдырлы кешулері мен тарихи тұлғаларымыздың көрген қиындықтарын біз ұмытпаймыз. Бүгінгі ашылғалы отырған «Алаш арыстары» ескерткішінің, Созақ көтерілісінің құрметіне қойылған «Созақ қасіреті» мемориалы, даңқты бабамыз Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына арналған ескерткіш Президентіміздің сындарлы саясатына халық болып үн қосу, ұлт болып қолдаудың көрінісі - деп жазды Берік Уәли.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нұр-Сұлтан қаласындағы «Алаш» ескерткішінің ашылуында айтқан, «Алаш арыстары заманның сын-қатеріне қарамай, Қазақ елінің мемлекетшілдік идеясын жаңғыртты, өркениетті зиялылықтың негізін қалады» деген сөзі мемлекеттің алаш қозғалысына берген тарихи бағасы.
Алаш арыстары қазақ ғылымын, әдебиетін жаңа белеске шығарып, оның тұтастай терминологиясын қалыптастырды. Территориямызды түгендеп, Еуропалық үлгідегі мемлекетті негіздеді. Бұл – ұрпақ жадында сақталары сөзсіз. Бұғауға көнбеген арда халқымыздың қуатты бұлқыныстарының бірі – Созақ көтерілісі. Бабаларымыздың ерлігі мен еркіндік үшін қайтпай күрескен өр рухы бізге үлгі. Ал, күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығы да халқымыздың мерейлі қуанышы. Еліміздің бай тарихын байыптап бағалайтын осындай игі шаралар бірлігіміз бен елдігімізді нығайта түспек. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған баянды бастамалар құтты болсын! Қазақ елінің туы биік, еңсесі асқақ болсын! - деді Президенттің баспасөз хатшысы.