Ұлытауда жазғы лагерьлер ашу мәселесі басты назарға қойылды

Жаңалықтар
2156

Ұлытау облысының аумағында қала сыртындағы лагерьлердің болмауы – өзекті. Бұл жайында өңір басшысы Берік Әбдіғалиұлының төрағалығымен өткен аппараттық жиында айтылды. Сондай-ақ кеңесте аталған мәселенің шешілу жолдары мен балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру шаралары талқыға салынды.

 

Алдағы жаз маусымында облыста 154 сауықтыру лагері мен алаңдар жұмысы іске қосылады. Оның ішінде 74 мектеп жанындағы лагерь, 5 қосымша білім беру ұйымдарындағы алаңдар, 75 шатырлы лагерьлер (туризм, спорт, өлкетану, этноауыл, т.б.) ұйымдастырылады. 60 лагерьде тамақтандыру қарастырылады. Барлық бағыт бойынша жазғы демалыстағы шаралармен облыстың 17558 (46,2%) оқушысы қамтылмақ. 

Мектеп жанындағы сауықтыру лагерлерінде 4426 оқушы демалады, ал қала сыртындағы лагерлерге жолдама 361 оқушыға берілмек. Қазіргі уақытта конкурстық рәсімдер жүргізілуде. 

М.Құлұшева атындағы балаларды қолдау орталығындағы 15 тәрбиеленуші «Қарлығаш» шипажайында сауықтырумен қамтылады, 15 жасөспірім «Жасыл ел» жасақтарына қамтылады. 40 тәрбиеленуші Шығыс Қазақстан облысындағы «Балақай» балаларды сауықтыру орталығына жіберіледі. 

Облыстағы ірі кәсіпорындардың («Қазақмыс» корпорациясы ЖШС, «Өркен-Атасу» ЖШС, Казцинк, т.б.) демеушілігімен 870 бала қала сыртындағы лагерлерде демалады. 

Республикалық бюджеттің шеңберінде Балқаш, Щучинск және Қонаев қалаларында орналасқан «Балдәурен» Республикалық оқу-сауықтыру орталығына маусым-тамыз айларында 5 ауысымда 310 оқушы, «Бөбек»білім беру және сауықтыру орталығында 10 бала  демалады. 

«Келесі жылы біздің облыста жоқ дегенде қала сыртындағы 1 лагерь жұмыс істеп тұруы тиіс, оны салу жұмыстары биылдан қалмай басталсын. Ал, алдағы 2-3 жылда Ұлытау облысында кем дегенде 4-5 қала сыртындағы лагерьлердің болу міндетін қолға алуымыз қажет» - деді облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы. 

Жиын соңында өңір басшысы мектеп жанындағы сауықтыру лагерьлері мен алаңдарындағы  санитарлық бақылау шараларын күшейтуді, балалардың қауіпсіздігін төтенше жағдайлар қызметтерімен келісілуін бақылауды тапсырды.


Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...