Петропавлда көшелердің бірінді ер адам жартылай жалаңаш жүгіріп, тұрғындардың құтын қашырды, деп хаб...
Жаңа Конституция жобасының мәтіні республикалық басылымдар мен Конституциялық Соттың сайтында жарияланады
Фото: Ақорда
Конституциялық Соттың төрағасы Эльвира Азимова Конституциялық комиссияның кезекті отырысында жаңа Конституция жобасын бүкілхалықтық талқылауға шығару мәселесіне тоқталды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Оның айтуынша, комиссияның жұмысы ашық әрі мазмұнды форматта жүзеге асырылуда.
Эльвира Азимованың мәлімдеуінше, Конституциялық комиссия жұмысына биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарының өкілдері, сондай-ақ ғылыми қауымдастық, азаматтық сектор мен медиа өкілдері кіретін барлығы 130 адам жұмылдырылған. Комиссия отырыстары Конституциялық Соттың әлеуметтік желілерінде және «Конституциялық реформа 2026» арнайы Telegram-арнасында тікелей эфирде көрсетілуде.
Конституциялық Соттың төрағасы Конституция жобасын талқылау барысында енгізілетін құқықтық түзетулердің санына емес, оның жаңартылған мазмұны мен мәніне басымдық беру маңызды екенін атап өтті.
«Жаңа Конституцияның негізінде адамға бағытталған мемлекеттік модель көзделген. Онда адам, оның құқықтары, бостандықтары мен қадір-қасиеті ең жоғары құндылық және мемлекеттік саясаттың басты бағдары ретінде танылған. Халықтың дәстүрлі құндылықтармен, тарихи тәжірибесімен әділеттілік, жауапкершілік және қоғамдық бірлік туралы түсініктермен тығыз байланысты қағидалар көрініс тапқан», – деді ол.
Ұсынылған жаңартулардың ауқымын ескере отырып, комиссия мүшелерінің көпшілігі бұл құжатты енді тек жекелеген түзетулер пакеті ретінде қарастыруға болмайды деген ұстанымға келген. Бұл пікірді Қазақстан Президенті де қолдап, жаңа Конституция жобасын бүкілхалықтық талқылауға шығаруды қолайлы деп тапқан.
«Жаңа Конституция жобасының мәтіні «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» басылымдарында, сондай-ақ Конституциялық Соттың ресми сайтында жарияланады», – деді Эльвира Азимова.