Алматы қаласында ҚР халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Фариза Оңғарсынованың құрме...
Заңсыз аң атқандар құрықталды
Бүгінде Жетісу өңірінде заңсыз аң ату әрекеттері жиілеп кеткен. Алматы облыстық ПД баспасөз қызметі берген мәліметтерге жүгінсек, үстіміздегі жыл басынан бері облыстағы ішкі істер саласының мамандары табиғатты қорғау заңнамасының талаптарын бұзған 749 деректі әшкерлеген. Соның 257 дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, 492 тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылып, 3 жарым миллион теңгеге жуық айыппұл салынған.
Облыстық ПД Табиғатты қорғау полициясының инспекторы Бағлан Рымжановтың айтуынша, жақында аймақтағы тәртіп сақшылары арнайы өткізген іс-шара барысында атуға мүлде тыйым салынған бұғыны ату дерегін анықтаған. Нақтырақ айтқанда, Кеген ауданына қарасты «Екіаша» жайлауында 39 жастағы ауыл тұрғынының «УАЗ» автокөлігінен бұғының еті, мүйізі және терісі тәркіленіп, сараптамаға жіберілген.
Сондай-ақ, Ескелді ауданының полицейлері жоғалу қаупі төнген өсімдіктерді жинады деген күдікке ілінген 38 жастағы жергілікті тұрғынды құрықтаған. Тексеру кезінде күдіктінің үйінен жалпы салмағы 32 килограмм болатын «пиау» тамыры табылған. Қызыл кітапқа енгізілген бұл шөптің тамырын ол «Мыңбұлақ» атты таудан емдік мақсатта пайдалану үшін қазып алғанын айтқан. Қазір аталған деректер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сараптама қорытындысына сәйкес мемлекетке келтірілген материалдық шығындар анықталмақ. Күдіктілер тергеуден соң мекенжайын өзгертпеу туралы міндеттемемен босатылған.
Сонымен қатар Балқаш ауданының тәртіп сақшылары табиғатты қорғау саласымен бірлесе отырып, бір тәулік ішінде заңсыз балық аулаумен айналысқан екі азаматты қолға түсірген. Аталған тәулікте Қарағанды облысының 26 және 29 жастағы екі тұрғынынан пластикалық қайық, тиісті қозғалтқыш моторлар, 500 метрлік балық ауы және 150 келіге жуық балық тәркіленген. Осы екі дерек бойынша мамандар мемлекетке 1 миллион 300 мыңнан астам материалдық шығын келтірілгенін анықтаған.