«Жапонияда 11 мың, Қазақстанда 463 мың теңге»: Аймағамбетов дәрі бағасына шүйлікті

ашық дереккөз

ЖАҢАЛЫҚТАР
171

Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетов Қазақстанда кейбір заманауи дәрі-дәрмектің қолжетімсіздігі мен бағасының тым қымбаттығына назар аударды. Оның айтуынша, шетелде бірнеше мың теңге тұратын препаратты елімізде жүздеген мың теңгеге сатып алуға тура келеді, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.

Бұл туралы депутат әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, жеке қабылдауына келген азамат дәрі-дәрмекке қатысты мәселесін жеткізген. Дәрігер оған әлемнің көптеген елінде қолданылатын заманауи препаратты тағайындағанымен, ол Қазақстанның қарапайым дәріханаларында сатылмайды.

Әңгіме Helicobacter pylori инфекциясын емдеуде қолданылатын вонопразан препараты туралы болып отыр. Науқасқа 14 күндік емдеу курсы үшін 20 миллиграмдық 28 таблетка қажет болған.

Депутаттың келтірген дерегіне сәйкес, Жапонияда Takeda компаниясы шығаратын түпнұсқа Takecab препаратының осындай мөлшері шамамен 11 мың теңге тұрады. Ал Малайзияда дәл осы дәрінің 30 таблеткасы 27–30 мың теңгеге сатылады.

Қазақстанда жағдай мүлде басқаша. Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, препарат дәріханаларда жоқ, ал арнайы тапсырыспен 100 таблеткадан тұратын қаптамасы 463 мың теңгеден жоғары бағаға ұсынылады.

«Науқас не дәрігер тағайындаған емнен бас тартуға, не өзіне қажетті мөлшерден төрт есеге жуық көп таблетка сатып алып, жүздеген мың теңге төлеуге мәжбүр. Оның үстіне бізде бір таблетканың бағасы Жапониядағы ресми бағадан шамамен 12 есе жоғары», – деп жазды депутат.

Асхат Аймағамбетов биыл депутаттардың бастамасымен дәрілік заттарды тіркеуді жеңілдететін заң қабылданғанын еске салды.

Жаңа тәртіпке сәйкес, АҚШ-тың FDA агенттігі сияқты беделді халықаралық реттеуші органдар мақұлдаған дәрілерді тіркеу жеделдетіліп, артық рәсімдер қысқартылған. Өзге препараттар үшін де тіркеу мерзімі азайтылып, «бір терезе» қағидаты енгізіле бастаған.

Алайда депутаттың пікірінше, заң қабылдау мәселенің толық шешілгенін білдірмейді. Егер қажетті дәрілер әлі де дәріханаларда болмаса, ал азаматтар оларды шетелден іздеуге немесе бірнеше есе қымбатқа сатып алуға мәжбүр болса, жаңа жүйе тиісті деңгейде жұмыс істемей отыр деген сөз.

Ол дәрі-дәрмекті тіркеумен ғана шектелмей, нарықта жетіспейтін препараттарды анықтау, өндірушілермен тікелей жұмыс істеу және елге жеткізу тәртібін жеңілдету қажет екенін атап өтті.

Асхат Аймағамбетов бұл мәселені Құрылтайда және тиісті комитет отырысында көтеретінін мәлімдеді.

Депутаттың сөзінше, басты мақсат – заңдағы рәсімдердің қысқаруы емес, азаматтардың өзіне қажетті дәріні дәріханадан қолжетімді бағамен сатып алуына мүмкіндік жасау.

ЖАҢАЛЫҚТАР

Танымал актер Алмат Сақатов бала күтімімен отырған әйелдерге берілетін жәрдемақы мәселесіне қаты...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Қазақстанда 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап бірқатар мемлекеттік жәрдемақыны тағайындау және төлеу т...