Қаржаубай Нұрымов Айтбек Амангелдінің адвокаттарынан неге бас тартқанын айтты, деп хабарлады Мadenip...
Жасанды интеллект дәуірінде рухани бағдар қалай сақталады? Алматыда дін өкілдері мен белгілі сарапшылар бас қосты
Фото: MadeniPortal.kz
Алматыда 21 қазан күні Caspian University-де Рухани келісім күніне арналған республикалық форум өтіп жатыр. Ауқымды іс-шара мемлекеттік органдардың, діни бірлестіктердің, ғылыми қауымдастық пен азаматтық сектордың өкілдерін бір алаңға тоғыстырып, татутық туының астына жинады, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Форумның басты тақырыбы «Рухани келісім – Қазақстандағы бірлік пен бейбітшіліктің негізіне»арналды. Пленарлық және панельдік сессиялардаөтіп, сарапшылар рухани құндылықтардың қазіргі қоғамдағы рөлі, цифрландыру үдерісінің жастар дүниетанымына әсері мен жасанды интеллект дәуірінде адамгершілік бағдарды сақтаудың өзекті жолдарын талқылады.
Рухани келісім – тұрақтылық тірегі
Республикалық деңгейде маңызы бар форум аясында үш негізгі бағыт қамтылып отыр. Атап айтқанда:
- Ортақ болашақ жолындағы мемлекет, қоғам және діни бірлестіктердің әріптестігі;
- Жастар және рухани құндылықтар: ұрпақтар диалогы;
- Жасанды интеллект дәуіріндегі этика және рухани бағдарлар.
Алматы қаласы Дін істері басқармасының басшысы Нұрлан Қиқымов өз сөзінде рухани келісімнің қоғам тұрақтылығындағы рөлін ерекше атап өтті:
«Бүгінде цифрлық орта жаңа буынның дүниетанымын қалыптастырып жатқан кезде, қоғамды біріктіретін адамгершілік құндылықтарды сақтау ерекше маңызды. Рухани келісім – елдің тұрақты дамуының нақты негізі», – деді ол.
Сондай-ақ ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының стратегиялық талдау бөлімінің жетекшісі Елнар Ғалымжанұлы өз баяндамасында Мемлекет басшысының пікірін алға тартып, дінаралық этика мәселесін зерттеуге арналған жүйелі жасанды интеллект қызметін құру жөніндегі тапсырмасына назар аударды. Сарапшының айтуына қарғанда, Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы ел деңгейіндегі мәселе ғана емес, жаһандық тұрақтылық пен әлемдік тұтастықты сақтауға бағытталған маңызды қадамдардың бірі саналады.
Жиынға қатысқан белгілі дінтанушы, теолог, «Ырыскелді қажы» мешітінің бас имамы Нұрлан Байжігітұлы редакциямызға сұхбат беріп, рухани келісімнің шынайы көрінісі мен нақты үлгісін талдады. Мұнымен қоса, қоғамның рухани әлеуетін көтерудегі ЖИ қызметінің ерекшелігін жіктеп айтты. Имамның айтуынша, қазіргі кезде еліміздегі діни қауымдастықтардың бірлігі бекем болуға тиіс. Бұл - мемлекет тұтастығының басты шарттарының бірі.
Ұрпақтар диалогы және рухани сабақтастық
Жиын түс ауа пленарлық отырыстарға жалғасып, жастар мен форум қатысушылары ортақ алаңда табысты. Мұнда жасанды интеллект мамандары, дін өкілдері, ғалымдар мен публицистер өз ойларын ортаға салып, рухани келісім мен технологиялық даму арасындағы тепе-теңдікті сақтау, түсінісу, рухани кеңістіктің заманауи көрінісін қалыптастырумәселелерін талқылады.
Алғаш болып сөз алған қоғам қайраткері, жазушы-публицист, блогер Бейнұр Сейтжанұлы Қисықовфорумның ауқымы жыл сайын кеңейіп келе жатқанын атап өтіп, кейінгі жылдардағы өз тәжірибесін бөлісті:
«Рухани келісім — бүгінгі күннің ең өзекті тақырыптарының бірі. Әсіресе жасанды интеллект дәуірінде адамның адам болып қалуы, өз болмысын танып, рухани тұтастығын жоғалтпауы – басты міндетсаналады. Форумға жастардың ерекше ықыласпен келгенін көріп отырмын. Бұл - үміт пен сенімнің белгісі», – деді спикер.
Ал «Нұр-Мүбәрак» Египет Ислам мәдениеті университетінің проректоры, исламтанушы Оңғар Ершат Ағыбайұлы ұрпақтар сабақтастығының тәрбиелік маңызына тоқталды:
«Ұрпақтар диалогы – аманат пен өнеге жүйесі. Біздің қазақ қоғамындағы ұрпақтар сабақтастығы – тәрбиенің анасы. Бұл – тәрбиенің сатылы психологиялық өнегесі. Біз жастарға тек білім ғана беріп қоймай, мәдениет культін ғылыми негізде ұғындыруға басымдық беруіміз керек. Мақсат – жастардың діни сауатын арттыру, экстремизм мен терроризмнің алдын алу, еліміздің бірлігін нығайту», – деп өзтүйіндеді ғалым.
Сонымен қатар белгілі исламтанушы қазіргі заман талабына сай әлеуметтік желілерде – TikTok пен Instagram секілді платформаларда мазмұнды, ағартушылық бағыттағы контент ұсынудың да маңызды екенін атап өтті. Оның айтуына қарағанда, рухани ағартушылық тек мінберде емес, цифрлық кеңістікте де жүзеге асуы қажет.
Дінаралық үндестік пен өзара құрмет
Форумға қатысқан Алматы православиелік рухани семинариясының ректоры, протоиерей Евгений Иванов жастармен тіл табысудың маңыздылығына тоқталып, өмірдің мәні жайлы толғады:
«Қазір жастармен қай тілде сөйлесе аламыз? Алдымен, жасөспірімге өмірдің мәнін ұғындыруға ұмтылуымыз керек. Көп жағдайда тіршілік қамын күйттеп кетеміз. Ересек буынның мақсаты – жастарды жетелеу, рухани таным негізінде жауап іздеуге баулу», – деді ол.
Осы ойды жалғай келе, Алматы қаласы Орталық мешітінің наиб имамы Алиев Тимур Александрұлы қоғамдағы рухани сабақтастықтың әлсіреу қаупіне назар аударып, жақсы адамның образы жайлы баяндады:
«Бұл күн – қоғам руханияты жайлы ой алмасып, пікір айтатын күн. Қазіргі клиптік сана басым кезде жас адам өзіне пайдалы, дүниетанымына құнар себер ақпаратты бағамдай бермейді. Сондай-ақ жақсы адам, үлгі боларлық тұлғаның образын байқай қоймады. Бір байқағаным, ересектер мен жастар арасындағы игі байланыстар үзіліп барады, соларды жалғастыру керек. Үлкендер де, біз де жастарға ізет көрсетіп, ақыл-кеңес беріп, қамқор болуымыз қажет», – деді ол.
Ал «Жаңа өмір» евангелиялық христиан шіркеуінің өкілі, сарапшы Алексей Васильевичзаманауи жастардың өмір ырғағы мен рухани ұстаным арасындағы үйлесім мәселесін сөз етті:
«Жаңа буын интернет дәуірінде дүниеге келді. Жастар бәрін жылдам қалайды. Бірақ барлығының бірден бола бермейтінін түсінуіміз керек. Уақыт пен сабыр – өмірдің шынайы ұстазы. Ересек буын мен жас буын бір-бірімен байланыса келе ғана өмірдің мәнін ұғына алады», – деді ол.
Рухани келісім – болашақтың іргетасы
Пікір алмасу барысында қатысушылар рухани және адамгершілік құндылықтардың дәстүрлі негіздері мен технологиялық дамудың арасындағы тепе-теңдікті сақтаудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ мемлекет, дін және азаматтық қоғам арасындағы өзара іс-қимылды нығайту мәселелері жан-жақты талқыланды.
Форумға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дін істері комитетінің басшылығы, Парламент Сенатының депутаттары, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшелері, өңірлік дін істері басқармаларының жетекшілері, діни бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйым өкілдері, жетекші сарапшылар және БАҚ өкілдері қатысты.
Іс-шара Алматы қаласы Дін істері басқармасы мен «Social Development Center» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өтті.
Алматыда өткен форумда түрлі дін өкілдері мен сарапшылардың ортақ ойы бір арнаға тоғысып, рухани келісім мен адамгершілік құндылықтар қоғамның тұтастығын сақтаудың басты кепілі екені айғақталды.
Дастан ҚАСТАЙ, журналист