Премьер-министрі Асқар Мамин қазақстандықтарды 1 наурыз – Алғыс айту күнімен құттықтады.Қымбат...
Жазықсыз Әлібидің тәлкекке түскен тағдыры
Адам өмірі, құқығы мен бостандығы мемлекеттің ең қымбат қазынасы» деп тәуелсіз еліміздің басты құжаты Конституциямызда көрсетілген. Заң – ханға да, қараға да ортақ. Кінәлісің бе, жазаңды өте. Бірақ, жалған жала мен наланың құрбанына айналып, нақақтан-нақақ 10 жылды арқалаған жазықсыз жанның тағдыры қалай шешіледі?
2019 жылдың шілде айында Ақтөбе қалалық «Ақбөбек-Восток» балалар лагерінде болған оқиға халықты алаңдатпай қоймады. Дәл осы оқиғада Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған соты қандай да бір жеткілікті дәлел, дәйексіз Әліби Өтепбергенді ҚР қылмыстық Кодексінің 124-бабының 3-тармағы бойынша айыпты деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Алайда «жалған жала мен бала ойынан құрылған қақпанға түскен Әлібидің тағдырына әділ шешім тағайындалса» дейді жас таланттың жазықсыз екеніне көзі жеткен, өмірі мен болашағына алаңдаулы қаншама қазақстандықтар.
Әлібиді Қазақстанның мәдениеті мен өнерінде өзіндік орны бар ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері, белгілі журналистер, өнердегі рухани ұстаздары қолдап отыр. Әліби ұстаздарының сеніміндегі бала болғандықтан, Меруерт Өтекешова, Бекболат Құрманғожаев, Асхат Маемиров, Айнұр Бермұхамбетова, журналист Бибігүл Дәулетбекқызы, өнердегі аға-апалары Асанәлі Әшімов, Бибігүл Төлегенова, Света пен Қанат Айтбаевтар, Майра Ильясова, Нүркен Өтеуілов, Сәкен Майғазиев, Дәурен Серғазин, Меруерт Түсіпбаева, Алтынай Жорабаева, Әділ Ахметов, Асхат Садырбай, Мөлдір Мұқановалар жас өреннің тағдырына шырылдап араша сұрап отыр. Өнер әлеміне аяқ басып, дарынын шыңдап, қанатын кеңге жайып келе жатқан Әліби Өтепбергеннің ұстазы Асхат Маемиров «Дарыны жанартаудай жарқылдаған жас жігіт Әлібиді 10 жылға соттау – әділетсіздік» дейді.
Бүгінгі күні Әлібидің басындағы мән-жайға қанық болған соң халық арасында да қолдаушылар саны күннен күнге артып, Әліби ісіне байланысты үлкен резонанс тууда. Әлеуметтік желілерде инстаграмдағы @alibige_adildik және фейсбуктегі Alibide Adildik парақшалары жүргізілуде. Халық қызу қолдап отыр. Халықтың жазған комментарийлерінде баласының болашағы үшін алаңдайтындар, мынадай сорақыны көріп отырған соң жастар арасында ата-аналары балаларының мұғалім болуына қарсылық көрсетіп отырғандар саны артуда. Мұның соңы жақсылыққа апармайтыны анық. Қазақстанның түпкір-түпкірінен саны шексіз қазақстандықтар Әлібиді қолдау мақсатында видеоүндеулер түсіруде. Араша сұрауда. «Естір құлақ, көрер көз болса» деген халқының ниеті зор.
Өтепберген Әліби – Қазақ Ұлттық Өнер Университетінде қазақтың Қыз Жібегі – Меруерт Өтекешова шеберханасының студенті. Көпбалалы отбасынан шыққан тәрбиелі, өнерлі, жалындаған жігерлі 23 жастағы Әліби топ старостасы болды. Әліби басқарған топ ұйымшылдығымен, ауызбіршілігімен, өнерге деген құлшынысымен ерекше көзге түсетін. Араларындағы көшбасшысы, ұйытқысы – Әліби болатын. Сынақ кітапшасындағы бағалары да жоғары. Университет қабырғасында қандай іс-шара болса да алдыңғы қатардан көрінетін. Жоғары оқу орнына түскенше де өнер орталықтарында тәжірибе жинап, оның ішінде балалармен жұмыс істеуді меңгерген, үлкенмен де, кішімен де ортақ тіл табыса білетін коммуникабельді азамат.
Қазақ Ұлттық Университетінің 2 курсын аяқтаған Әліби Өтепберген ақылы бөлімде оқитын болған соң жазғы демалыс кезінде оқуына қосымша қаражат табу мақсатында 2019 шілде айында өзінің туып-өскен Ақтөбе облысындағы «Восток-Ақбөбек» жазғы лагеріне тәлімгер болып орналасып, қызметіне кіріскеннен кейін 4-ақ күннен соң «жасөспірім балаларға азғындық жасады» деп айыпталып, биылғы жылдың 26 наурыздағы сот Үкімімен жоғарыдағыдай жазаға кесілді. Әліби Өтепбергеннің қорғаушылары тарапынан Ақтөбе облыстық сотына апелляциялық шағым жасалды. Апелляциялық сотта 4 ата-ананың 3-еуі балаларының бірлесе ойластырған өтірігі екенін айтты. Апелляциялық сотта іс 6 отырысқа созылды. Тергеу кезінде жіберілген өрескел қателіктер мен бастапқыда арызданған ата-аналардың «баламыз өтірік айтыпты» деген сөздері сот тергеуін қайта жүргізуге себеп болды. Барлығына нақты дәлелдер бар. Ең бастысы, сот медициналық сараптамасы қорытындысына сай Өтепберген Әліби Қаныбекұлы бұрын, яғни «қылмыс жасады» деген кезде және қазіргі уақытта (зерттеу сәтінде) қандай да бір психикалық бұзылысқа шалдықпаған, сонымен қатар жыныстық басымдылығының педофилия түрінде бұзылу белгілері жоқ екенін анықтаған. Алайда, ештеңеге қарамастан, 8 маусым 2020 жылы Ақтөбе облыстық соты барлық дәлелге көз жұма қарап, Әліби Өтепберген ісінің апелляциялық шағымын қанағаттандырусыз, ҚР қылмыстық Кодексінің 124-бабының 3-тармағы бойынша 10 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкімін өзгеріссіз қалдырды. Іс бойынша бұдан басқа да заңсыздықтар жетерлік дейді сарапшы мамандар.
Осы орайда, Әліби Өтепбергеннің әкесі Қаныбек Табышов әлеуметтік желілерде баласына тағылған үкіммен келіспейтіні және де барлық сотқа қоғамдық қорғаушысы ретінде қатысып, тергеу кезінде жіберілген өрескел қателіктер туралы жазба қалдырған еді:
«Балам Әлібидің үстінен қылмыстық іс қозғалғаннан бері мен қоғамдық қорғаушысы ретінде барлық сотқа қатысып келдім. Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сот үкіміне наразылық білдіріп, Ақтөбе облыстық сотына апелляциялық шағым түсірдік. Апелляциялық соттың 6 отырысы болды. Тергеу кезінде төмендегідей өрескел қателіктер жіберілді:
– 26 шілде 2019 жылы қалай №4 қалалық полиция инспекторы баянат жасады, содан бастап бәрі заң бұзған. Сол күннің өзінде олар қылмыстың болған, болмағандығын тексермеген. Ол түскен арызда да «қыз балаларға тиісті» делінген. Қазіргі істе, қарап тұрсаңыз, арызданған бірде-бір қыз баланың ата-анасы жоқ. Бұл жалған арыз болса да баянат толтырылған.
– Тергеуге заңсыз қосылғандар да бар. Қалалық полиция бөлімінің басшысы лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланып, облыстық полиция Департаментінің тергеу басқармасының аға тергеушісін тергеу тобына қосады. Бірақ аға тергеушіні тергеу тобына қосу қалалық полиция басшысы құзыреттілігінде емес. Демек, аға тергеуші бұл іске заңсыз қосылып тұр. Ал, тергеу амалдары кезіндегі барлық құжаттарда осы тергеушінің қолы қойылған.
– Кәмелетке толмаған балалардан жауап алғанда міндетті түрде өкілі, заңды өкілі, педагог-психолог қатыстырылуы тиіс. Бірақ жәбірленуші балаларды тергеу кезінде тек ата-анасы, бала және тергеуші болған. Бұл үлкен заңбұзушылық. Тергеуге педагог-психологтың, адвокаттың қатыстырылмағанын сотта жауап алу кезінде жәбірленуші жақтың ата-аналары да растап отыр.
– Құжаттарда педагог-психологтың да, адвокаттың да тергеуге қатысты деген қолы бар. Бірақ бұл мамандар тергеу күні полиция бөліміне мүлде келмеген, яғни КПП-да келгендігі жөнінде тіркелмеген. Осы тұста мамандардың, адвокаттың қолын кейін қойдырғаны анықталып отыр.
– Тергеуші 26 шілде күні, бір уақытта үш жәбірленушіден жауап алған. Тергеуге психолог ретінде қатыстырылды деп бір ғана адам көрсетілген, қол қойған. Сонда бір психолог үш баладан бірдей бір уақытта жауап алғанда үш кабинетке жүгіріп жүрген бе?» дейді.
Халық пен билік арасындағы алтын көпір саналатын еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары да халықтың назарындағы Әлібидің тағдырына алаңдап, жарыса жазды, арнайы хабарлар да шығарды. Республикалық Еуразия бірінші арнасының Әліби ісіне арналған тікелей эфир түрінде болған «Basty Prime» бағдарламасына арызданған ата-аналар студенттің кінәсіз екенін мәлімдеді. «Әлібидің ісіне байланысты арыз жазған ата-ананың біреуі менмін. Жазықсыз баланы шырылдатып қоймай, өзіміздің ойымызды, адалдығымызды, адамгершілігімізді білдірейік, баланы соттатпаудың амалын жасап, өзімнің пікірімді білдіргім келеді. Ең басында, қателікке ұрынып, балалардың сөзіне сеніп, арызымызды жаздық» деді ана. Әйелдің айтуынша, баласымен сөйлескенде психологиялық күйінен оның бірнәрсені жасырып жүргенін байқаған. «Баламызбен әкесі екеуміз сөйлесе келе мұндай жағдайдың болмағанын біліп, содан кейін обалына қалармыз деп арызымызды қайтарып алдық» деді әйел. Лагерьдегі тәрбиешісін айыптаған бала ата-анасымен сөйлескен кезінде өздері айтқан жағдайдың болмағынын мойындағын. Тіпті, ол Әлібидің өте жақсы тәрбиеші екенін, балаларға жақсы қарағанын айтқан. ««Біздің душқа кірді деген де, балалардың ана жерінен, мына жерінен ұстады» деген де, бәрі жалған. Мұның бәрін ұйымдастырған сырттан келген, сары шашты ірілеу келген бала» деп айтты. Олар өздері ұйымдастырған. «Біз Әліби ағайды соттатамыз, сұхбатта актер боламыз», деген әңгімелерін басқа тәрбиешілер мен балалар естіген. Баламызбен сөйлесе келіп біз осы жағдайды анықтадық» деді ана. Сонымен қатар, ол жала жабылған Әлібидің сотталуына қарсы екенін атап өтті. «Сотта да болдық. Осының бәрін айттық» деп қорытындылады әйел.
«Баланың ісі шала» деген сөз бар қазақта. Ойын баласының да бар назарды өзіне аудару үшін ойдан шығарып, бар өтірігін құрастыратын кездері де болады. Осы тұста баса назар аударуды қажет ететін жағдай, Әлібиден бұрын дәл осы топқа жетекшілік еткен Дәурен есімді азаматты да жұмысқа кіріскеніне екі күн болмай жатып, осы балалар үстінен арызданып, сол себепті лагерь басшылығы жұмыстан шығарып тастаған. Бұл жағдай туралы Дәурен «Astana» телеарнасынан көрсетілетін «Айтарым бар» әлеуметтік жобасының Әліби ісіне арналған бағдарламасында айтқан болатын. Баланың ойынынан құрылған қақпанына түскен Әлібиге әділ шешімді тағайындаса деген тілек бар. Істің жайы бойынша Әлібидің кінәсіздігіне қаншама дәлелдер келтіріліп отырса да естір құлақ, көрер көз болмай отырғаны рас. Елдің болашағы – жастар. Жастарымыздың барлығын өтіріктің құрбандығына шалып, темір торға қамай беретін болсақ, ел болашағын кімге сеніп тапсырамыз?
Әлібидің жазықсыз екенін растайтын қаншама дәлелдер мен айғақтар бола тұра, ақ-қарасын анықтамай, біржақты тергеу жұмыстарын жүргізген Ақтөбе облысының сот жүйесін жіті тексеру қажет деген ой да келеді. Сот, сот төрағасы, судья адамның тағдырын шешетін жауапты қызметті таңдағанын ұмытпаса етті. Еліміздің сот қызметкерлері құзыреттіліктерін әділ орындаса деген халықтың басты тілегі бар.
Әлібидің қорғаушылары Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасына Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 8 маусым күні күшіне енген қаулысын кассациялық тәртіпте қайта қарау туралы өтінішхат жолдады. Жауап күтуде. Соңғы үміт шамшырағы еліміздің Жоғарғы Соты Әлібидің ісін қайта қарап, әділ шешім шығарады, жас жігітке жаңа тыныс, бостандық сыйлайды деген үміттеміз.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жастарға «Сіздер ең үлкен армандарыңызды іске асыруларыңыз қажет. Бұл – менің басты міндетім. Біздің жастарымыз еңбекқор, креативті, өз мақсатына жетуді біледі. Сондықтан Қазақстанның болашағы сенімді қолда» деген еді.
Егер асқақ арманы, айқын мақсаты бар көшбасшы жастар осылай жазықсыз жапа шегетін болса, арман-мақсатына қалай жетпек?!
Президентіміз сайлауалды бағдарламасында үш ұстанымының бірі ретінде «әділдік» принципін биік қойып еді. Қазақстандықтар Әліби Өтепбергеннің ісінде де әділдік танытатындығына сенім білдіреді. «Би – түзу, билік – әділ» болады деп үміттенеді. «Әкесіз жетім – құр жетім, анасыз жетім – тұл жетім» дейтін, жетімін жылатпаған халықпыз. Әліби өз елінде әділдік табатынына, еліміздің мәдениеті мен өнеріне әлі талай зор үлесін қосатынына кәміл сенеміз! Жас өреннің тағдырына балта шабылмаса деген жанайқай жүректерге жетеді деген ойдамыз.
Авторы Айкүміс Қанат