Алматы облысында жас әйел қаза тапты, деп хабарлайды MadeniPortal.kz. Марқұмның туыстары «Не...
Журналист Анна Данченко «Құрмет» орденінің иегері атанды
Фото: Ақорда
Қазақстандық журналист, тележүргізуші әрі продюсер Анна Данченко мемлекеттік «Құрмет» орденімен марапатталды. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Журналист үшін бұл күннің ерекше маңызы бар. Ол марапатты ең алдымен өзіне өмір сыйлап, тәлім-тәрбие берген ата-анасына арнайтынын жеткізді.
«Менің әрбір жетістігімнің артында олардың ақ батасы, маған деген сенімі мен шексіз махаббаты жатыр. Бүгінгі қуанышымды өздерімен бөлісе алмасам да, осы биікке жетуіме себепкер болған ең асыл жандарымның рухына тағзым етемін», – деп жазды Анна Данченко.
Сондай-ақ ол бұл марапатты өзін тәрбиелеген қазақы орта мен бойына сіңген ұлттық тәрбиенің, қазақ тіліне деген құрметінің жемісі деп санайтынын айтты.
«Қазақ тілі мен үшін тек қарым-қатынас құралы емес. Ол – менің болмысым, жүрегімнің үні, өмірлік таңдауым», – деді журналист.
Айта кетейік, Анна Данченконың телевизия саласындағы еңбек өтілі 20 жылға жуық. Ол еңбек жолын 2006 жылы Ақтөбедегі «РИКА ТВ» телеарнасында бастаған. Кейін «31 арнада» тілші, «Информбюро» ақпараттық бағдарламасының жүргізушісі, продюсер әрі автор ретінде еңбек етті.
Көрерменге «Айта берсін», «Жұлдызды шаңырақ», «Сәт сапар» секілді жобалар арқылы танылды. 2019 жылы Anna Danchenko Production продакшнын құрды. Сонымен қатар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ғылыми-педагогикалық қызметпен айналысады.
2026 жылдың қыркүйегінен бастап «Бірінші арна Еуразия» телеарнасындағы «QosLike» бағдарламасын жүргізіп келеді.
Журналист бұған дейін де мемлекеттік наградамен марапатталған. Атап айтқанда, оның «Шапағат» медалі бар.