Суға дәрі қосқан: Жолаушыларын тонаған таксист 17 жылға сотталды

әлеуметтік желіден

PESTEL
245

Ресейдің Қазан қаласында жолаушыларын дәрі араластырылған сумен улап, кейін олардың бағалы заттарын иемденген такси жүргізушісіне қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шықты, деп хабарлады MadeniPortal.kz.

Тергеу дерегінше, 56 жастағы Игорь Зубрилин жолаушыларына жол үстінде бөтелкедегі су ұсынған. Суды ішкен адамдар есінен танып қалған. Күдікті осы сәтті пайдаланып, олардың ақшасы мен жеке заттарын алып, жәбірленушілерді қаланың шетіне тастап кеткен.

Қылмыстың құрбандарының бірі – 25 жастағы Юрий Ефремов. Ол таксист ұсынған суды ішкеннен кейін есінен танып, кейін көз жұмған. Оның денесі келесі күні табылған. Зардап шеккендердің арасында 17 жастағы жасөспірім де болған.

Тергеу барысында жүргізушінің суға күшті әсер ететін дәрілік препарат қосқаны анықталған. Мұндай дәріні медициналық көрсетілімсіз қабылдау денсаулыққа ауыр зардап келтіріп, тіпті өлімге соқтыруы мүмкін.

Полиция күдіктіні шамамен жарты жылдан кейін қолға түсірген. Тергеуге бейнебақылау камераларындағы жазбалар мен ұрланған заттар өткізілген ломбардтардың түбіртектері көмектескен.

Сот Игорь Зубрилинді кінәлі деп танып, ерекше режимдегі колонияда 17 жылға бас бостандығынан айырды.